Ғылыми жаңалықтар

Уфада түркітануға арналған қос ғылыми жиын өтті

13.06.2016

4582

Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) қолдауымен Башқұртстан астанасы Уфа қаласында «Орал-Алтай: ғасырлардан болашаққа» атты түркітанушылар конференциясы және «Ресей халықтары тілдерінің диалектологиясындағы өзекті проблемалары» атты бүкілресейлік ғылыми конференция болып өтті.

Академияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Башқұртстан Республикасы Ғылым академиясы ұйымдастырған көрнекті түркітанушы ғалым Эдхям Тенишевтің 95 жылдығына орайластырылған «Ресей халықтары тілдерінің диалектологиясындағы өзекті проблемалары» бүкілресейлік ғылыми конференциясы осымен VII рет ұйымдастырылып отыр.

VII бүкілресейлік ғылыми конференцияның ашылу салтанатында академия қызметкері Ә.Абаева TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлінің арнайы құттықтау хатын оқып берді. Бұдан бөлек, пленарлы отырыста РҒА Уфа Ғылым орталығы президиумының төрағасы Усеин Джемилев пен Башқұртстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Альфис Гаязов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ғылыми жиындарда Қазақстан, Өзбекстан, Татарстаннан және Ресейдің өзге өңірлерінен келген ғалымдар түркітанудың көкейтесті мәселелерін ортаға салып, баяндамалар жасады. Қос конференцияның қорытындысы бойынша арнайы резолюциялар қабылданды.

Айта кету керек, Эдгем Рахимович Тенишев - 1921 жылы дүниеге келген ресейлік түркітанушы ғалым. Ресей Ғылым академиясының Тіл білімдері институтының Орал-Алтай тілдері бөлімін басқарған, сонымен қатар «Советтік түркология» («Советская тюркология») журналының бас редакторы болған. «Түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы» («Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков») атты көптомдық басылым 2004 жылы өмірден озған Эдгем Тенишевтің бас редакторлығымен жарық көрген. Жалпы 60-тан астам ғылыми мұра қалдырған ғалым «Көне түркі сөздігін» құрастырушылардың бірі.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар