Ғылыми жаңалықтар

БАӘ делегациясы Қазақстанның ғарыш нысандарында болды

02.06.2016

5157

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) ғарыш агенттігінің делегациясы жұмыс сапарымен Қазақстанда жүр, деп хабарлайды Қазғарыштың баспасөз қызметінен.

Жұмыс сапарының барысында БАӘ ғарыш агенттігінің мамандары Қазақстанның ғарыш кәсіпорындарының нысандарына барды.

Алматыда араб мамандары «Ғарыш-Экология ғылыми-зерттеу орталығы» РМК-ның жұмысымен танысып, «Ғарыш зерттеулері мен технологияларының ұлттық орталығы» АҚ-ның В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институтының обсерваториясында болды.

Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығына (ҰҒО) бару кезінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ президентінің м.а. Марат Нұргожин араб әріптестеріне ҚР Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) ғарыштық жүйесінің қызметі туралы баяндап берді. Қонақтарға ЖҚЗ серіктерін басқарудың жердегі кешенінің және ғарыш суреттерін алу және өңдеу орталығының жұмысы көрсетілді.

БАӘ ғарыш агенттігінің өкілдері Астанада салынып жатқан ғарыш инфрақұрылымының бірегей жоғарытехнологиялық нысаны болып табылатын ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақтан өткізу кешенінің тәжірибесіне ерекше қызығушылығын білдірді.

ҰҒО-ның қабырғасында Қазғарыш төрағасының м.а. Мейірбек Молдабеков пен БАӘ ғарыш агенттігінің төрағасы Халифа Мұхаммед Тани ар-Румейси ҚР ИДМ Аэроғарыш комитеті мен БАӘ-нің ғарыш агенттігінің арасында ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Кеше БАӘ ғарыш ведомствосының делегациясы Астана қаласының маңындағы Ақкөлге шығып, онда тағы бір ғарыш нысаны - «Ғарыштық байланыстың республикалық орталығы» АҚ (ҒБРО) ғарыштық аппараттарды басқарудың және байланыс мониторингі жүйесінің жердегі кешеніне барды. ҒБРО-ның вице-президенті Бауыржан Құдабаев қонақтарға «Қазсат» спутниктік байланыс тобының жұмысы туралы баяндап берді.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар