Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, «Манас» атындағы халықаралық Қырғыз-Түрік университеті, Абай атындағы қазақ ұлттық университеті, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Сібірлік тәуелсіз институт Мемлекеттік емес білім беру мекемесі, Аймақтық менеджмент академиясы бірлесе отырып, «Заманауи педагогика және білім: проблемалар, мүмкіндіктер және даму болашағы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырды.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының мақсаты – болашақ мамандарды дайындауда педагогикалық білім беруді жетілдіру және ұлттық білім беру жүйесінде оқу үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту, ол үшін оқытудың жаңа педагогикалық технологиялары мен интерактивті оқыту әдістерін кеңінен пайдалана отырып, ұлттық сипатта білім беру мүмкіндіктерін ашып көрсету арқылы жаңа тұрпатты бәсекеге қабілетті интеллектуалды тұлға қалыптастыру.
Дәстүрлі түрде жыл сайын мамыр айында ұйымдастырылатын Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына биыл Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қытай елдерінен және республиканың барлық аймағынан педагогика ғылымының мамандары, ғалымдары, БАҚ өкілдері қатысты. Шараны ұйымдастыру алқасына 300- ден аса мақала келіп түскен. Конференцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық, аудандық және қалалық білім басқармаларының мамандары мен басшылары, шетелдік және ҚР жоғары оқу орнының басшылары құттықтау сөз айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Күннің бірінші жартысында бағдарламаға сәйкес пленарлық мәжілісте 7 баяндама тыңдалды. Қазіргі педагогикалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелрі жайлы отандық және шетелдік тың ғылыми ізденістер мен зерттеу мәселелері сөз болды.
Конференция аясында қазақстандық ғалымдар Абай Дүйсенбаев (Қазақ-орыс халықаралық университеті), Үмітхан Мұңалбаева (ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы), Камарияш Калкеева (Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ), Омар Есенәлі (Инженерлік – педагогикалық Халықтар достастығы университеті), Қалибек Ыбырайымжанов (І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлкеттік университеті), Мира Балтымова (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлкеттік университеті), Ғалиябану Кертаева (Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ), Абдиманап Жолдасбеков (М.Әуезов атындағы ОҚМУ), Шолпан Дүйсембекова (Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті), Сәуле Иманбаева (Абай атындағы ҚазҰПУ) және Тараз қаласының ЖОО профессор-оқытушылары баяндама оқыты
Екі күнге созылған секциялық мәжіліс 5 бағыт бойынша жүргізілді. Барлығы 286 баяндама тыңдалып, талқыланды. Бұл алқалы басқосуда секциялық мәжіліске бөлінген ғалымдар белсенді жұмыс істеді. Секциялық мәжілісте «Педагогиканың бөлімдері мен салалары: оқытудың әдістемесі мен инновациялары», «Жаратылыстану, техника және технология: ғылыми -ізденіс нәтижелері және оларды коммерциялизациялау мәселелері (жобалар мен ғылыми зерттеулер), «Қазақстан мен шетелдегі экономикалық ғылымдар» , «Заманауи қоғамдағы философия, тарих және құқықтанудағы актуалды проблемалар» «Филология мен әдебиеттанудың заманауи мәселелері» аясында баяндамалар жасалынды. Конференция қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілді. Жыл сайын түрлі көкейкесті тақырыптарға халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізуді дағдыға айналдырған ғалымдар бұл жолы да пікір-талас алаңынан табылды. Талай істердің басын ашып, өзекті мәселелер жайында сөз қозғады.
Аталмыш конференцияда еліміздің тарихы терең талданып, ұлттық тәрбие жөніндегі баяндамалар қызу талқыға түсті. Ғалымдар өзекті мәселелерді келелі сөз етумен қатар, педагогика саласындағы кемшіліктерге қатысты сан алуан ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференция соңында секция жетекшілері қорытынды жасады. Конференция жұмысын қорытындылай келе, тиімді ұсыныстар мен шешімдер жобасы бекітілді.
Ақнұр Сұлтанбекова
Дереккөзі: tigu.kz