Қазақстан Республикасы ғылымды дамыту үшін жылдан жылға қаржыландыру деңгейін арттырып отырғанымен, еліміз бойынша 400-ге жуық ғылыми ұйым барына қарамастан, қазір қазақ ғылымы елдің экономикасын үдетуге үлес қоса алмай отыр. Бүгін «Ғылыми жəне (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нəтижелерін коммерцияландыру туралы» ҚР Заңын таныстыруға арналған «Нұр Отан» партиясындағы брифинг барысында Парламент Мəжілісінің депутаты Уəлихан Бишимбаев осылай деп мәлімдеді.
«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсу. Реформалар. Даму» атты биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының инновациялық əлеуетін арттыру керек деген тапсырма жүктеді. Міне, бұл мақсатқа ғылыми-инновациялық жүйені тиімді дамыту арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бірақ, өкінішке орай, Қазақстанда ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу мəселесі əлі шешімін тапқан жоқ, ал, бұл қоғам тарапынан сынға ұшырап отыр. Ғылымды қаржыландыру деңгейі жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, еліміз бойынша 392 ғылыми ұйым бар екеніне қарамастан, əзірге ғылым ел экономикасының мүддесі үшін жұмыс істемей тұр. Бизнес тарапынан ғылыми жобаларға деген сұраныс аз, ғылым өз алдына, өндіріс өз алдына дамып, аралары кейде ғана тоғысады»,-дейді депутат.
У.Бишимбаев атап өткендей, қазір ғылыми жобалардың, ғылыми зерттеулердің барлығы лабораториядан аса алмайды, тек бірен-саран жобалар ғана өндіріске қосылады. Ал, ғылымды коммерцияландырудың басты мақсаты - ғылыми жобаны дайын өнімге айналдыру.
-Ғылыми жобаны дайыр өнімге айнаддыру үшін ғалым да, өндіріс те, инвесторлар да жұмыла жұмыс істеу керек, - дейді депутат.
«Осы мəселені шешу үшін, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 64-ші қадамына сай, «Ғылыми жəне (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нəтижелерін коммерцияландыру туралы» жаңа заң əзірленген еді. Енді осы заң жобасы инновациялық зерттеулерді өндіріске енгізу үшін ғылымды қаржыландыру тетіктерін көздейді»,-деді У.Бишимбаев.
Автор: Кенжекей Тоқтамұратқызы
Дереккөзі: inform.kz