Ғылыми жаңалықтар

Қазіргідей кезеңде жастардың тегін кәсіби-техникалық білім алуы аса маңызды - В.Боричевская, БҚО

21.12.2015

4753

Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында атап көрсеткеніндей, 2017 жылдан бастап елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының жүзеге асырылуы - бұл мектеп бітіретін түлектер үшін үлкен мүмкіндік. Бұл туралы Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында тұратын ұстаз, «Радуга» славян ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Валентина Боричевская мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі кезде, жасыратыны жоқ, заңгер, экономист мамандығы барлар жетіп артылады. Есесіне жұмысшы мамандығын меңгергендер көп емес. Сөйтіп қажетті білімі жоқ жастардың басқа салада еңбек етуіне тура келеді немесе жұмыссыз қалып қояды. Ал өндіріс орындарына білікті мамандар керек екендігі түсінікті. Сондықтан жастар алдымен жұмысшы мамандықтарына оқып алса, болашақта өсуіне де жақсы негіз болады.

«Жаңа Жолдауда ел экономикасының инновациялық әлеуетін көтеруге, жаңа технологиялар енгізуге, ғылыми-ақпараттық жүйені арттыруға айрықша көңіл бөлінген. Мұны біздер, мұғалімдер жақсы түсінеміз. Бұл ретте оқушылардың логикалық ойлауға қызығушылығын арттырып, инновацияға ұмтылысын оята білуіміз қажет. Биылғы желтоқсанда өткен жас дарындар мен зерттеушілердің облыстық «Импульс - 2015» зияткерлік турнирінде біздің №1 орта мектеп командасы алғашқы үштіктің қатарынан табылса, ал жекелей есепте Д.Овсянников екінші орынға көтерілді. Бұл білім ордасында шәкірттердің зерттеушілік жұмыстармен, ғылыми жобалармен айналысуына дұрыс бағыт беріліп, нақты жағдай жасалып отырғанын көрсетеді. Тағы бір айтайын дегенім, Елбасымыз үнемі ескертіп отыратынындай, бірлік пен келісімсіз табысқа жету қиын. Осы орайда ұлтаралық татулықты нығайтуға «Радуга» орталығы да өз үлесін қосып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» және басқа шараларға белсене қатысып, ауыл-аймақпен етене араласуымыз «Мәңгілік елге» бет алған біздің бағытымыздың дұрыстығын тағы бір көрсетті. Қазіргідей жаһанды дағдарыс жайлаған уақытта қоғамдық келісім кеңестеріне де үлкен міндеттер жүктеледі. Өйткені отбасында, еңбек ұжымында және қоғамда айрандай ұйыған ынтымақ орнаса, одан, түптеп келгенде, мемлекет те ұтады. Алдағы уақытта біздің бұл ісімізді кейінгі жастар жалғастыратынына сенім мол», деп түйіндеді өз ойын В.Боричевская.

Автор: Елжан Ералы

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар