Әлем бойынша экономика және кәсіпкерлік саласы қоғамның, мемлекеттің бүгінгісін айқындап отыр. Білім беру мен технология елдің 5-10 жылдағы ертеңін анықтаса, іргелі ғылым мен инновациялық белсенділік арғы күнді, яғни 10 жылдан арғы болашақты қамтамасыз ете алады дейді ғалымдар. Ғылымға негізделген экономика құру үлкен мақсаттардың біріне айналған тұста, ғылыммен айналысатын ғалымдардың санын арттыру да маңызды болып отыр.
Соңғы 5 жыл ішінде ғылыми зерттеу және зерттемелермен айналысатын мекемелердің саны қысқарғанымен, ғылыми-техникалық жұмыспен айналысатын қызметкерлер саны көбейіп келеді. Бұған жыл сайын мемлекет есебінен магистр және PhD докторларына бөлінетін грант санының артуымен және индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру байланысты болса керек. Сонымен қатар ЖОО-ларда ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген жас ғалымдар жылдан-жылға артып келеді, мысалы 25-34 жас аралығында ғылыми зерттелер және зерттемелермен айналысатын ғалымдар саны 2011 жылы 2 212 болса, 2014 жылы 2 912-ге жетті. Десе де бұл көрсеткіш 55-64 жас аралығындағы ғалымдар санынан әлдеқайда аз. Олардың саны 2011 жылы 3 346 болса, 2014 жылы 4 267-ге жеткен.
Әлем бойынша ғылыми қызметкерлердің орташа жасы 44 болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 58 жасты құрап отыр. Бұдан Қазақстан ғылымының қартаю процесінің әлі тоқтай қоймағандығын аңғарамыз. Ғылымды дамытуға баса назар аударылып отырған кезеңде ғылым саласындағы жастарға қолдау көрсетілсе, ғылымдағы жасару үрдісі орын алар еді. Бұл ретте жетекші ғылыми мектептерге қолдау көрсету және «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген жастарды ғылым саласына тарту үшін жалақыларын көтерудің маңызы зор.