Қарағанды облысында жаңа оқу жылында таңдау бойынша жаңа пәндер: «Мен және менің денсаулығым» және «Экономика және бизнес негіздері» мақұлданады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесінде сөз сөйлегенде айтты.
«Біз облыс мектептерінде «Экономика және бизнес негіздері» курсын енгізуді жоспарлап отырмыз. Курс оқушының қаржылық сауатын ашып қана қоймай, сонымен қатар математикалық логика, бизнесті жүргізу негіздерін үйретеді», - деді А.Аймағамбетов.
Сонымен қатар оқушылардың салауатты өмір салты туралы білімін арттыру үшін облыс мектептерінде «Мен және менің денсаулығым» курсы қабылданады.
Өз кезегінде, аймақтағы мектеп директорлары менеджмент негіздерін үйренеді. Бұл идеяны облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қолдады. Ол ағымдағы жылы білім бюджеті 68,7 млрд. теңгені құрағанын еске салды.
«Осакаров кентінде жаңа мектепті қолданысқа енгізу негізінде апаттық жағдайдағы мектептер саны азайды. Ұлытау ауданындағы Бетбұлақ ауылында және Абай ауданының Құрма ауылында апаттық жағдайдағы мектептердің орнына тағы екі мектеп салынып жатыр. 15 білім бер нысанының, соның ішінде балабақшалар, жалпы білім беру мектептері, өнер және спорт мектептері, жатақханасы бар колледж және 2 жапсаржай құрылысы мен қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді. Бір жыл ішінде 8 нысан қолданысқа берілді», - деді Н.Әбдібеков.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бойынша Қарағанды мен Сәтбаев қалаларында 1 200 және 600 орынға шақталған жаңа мектептердің құрылысы басталды.
Кеңес марапаттау рәсімімен аяқталды. Облыстың үш педагогы «Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды. Біреуі Ыбрай Алтынсариннің төсбелгісінің иегері атанды.
Н. Әбдібеков педагогикалық еңбек ардагерлеріне «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгілерін, сонымен қатар бірнеше үздік педагогқа облыс әкімінің құрмет грамоталарын табыстады. Жас мамандарға ноутбуктер сыйға тартылды.
Дереккөзі: inform.kz