2014-2015 оқу жылдарында Назарбаев зияткерлік мектептерін еліміз бойынша 1699 бала оқып бітірген. Осы балалардың 91%-ы немесе 1553 бала грантқа ие болса, 153 бала 14 елдің халықаралық білім гранттарын еншіледі.
Бұл туралы бүгін Назарбаев зияткерлік мектептері педагогтарының Тамыз конференциясы барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мәлім етті.
«Биыл еліміздегі барлық Назарбаев зияткерлік мектептерін 1699 бала бітірді. Бұл осы мектептер ашылғаннан бергі түлектердің ең көп саны. Түлектеріміздің барлығы жоғары оқу орындарына, соның ішінде 300-ден астам бала Астанадағы Назарбаев Университетіне оқуға түсті. 36 бала Назарбаев Университетінің «Foundation» сатысына емес, бірден бірінші курсына қабылданды. Біздің мектепті бітірген оқушылардың 88 пайызы техникалық, медициналық, химия-математика, билогия бағытында білім беретін факультеттерге түсіп жатыр»,-дейді К.Шәмшидинова.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұстаздары алдында баяндама жасай келе ол түлектердің 4%-ы көршілес үш елдің ЖОО-ларына түскенін, ал 153 бала 14 елдің халықаралық гранттарына ие болғанын мақтанышпен айтты.
«Биыл мектеп бітірген 61 түлек көршілес үш елдің ЖОО-ларына оқуға түсті. 139 бала 17 ел бойынша университеттер таңдап, оқуға аттанды. Ал, 153 түлегіміз терең білімдерінің арқасында 14 елден ірі-ірі халықаралық білім гранттарына ие болды»,-деп мәлім етті К.Шәмшидинова.
Дереккөзі: inform.kz