С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев Massachusetts Institute of Technology және The George Washington University жоғары оқу орындарында АҚШ-та білім алып жүрген қазақстандық студенттерге дәріс оқыды, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметінен.
Білім ордасы басшысының дәрісі «Қазақстандағы көшбасшылық» тақырыбына арналды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа арнаған Жолдауында ұлттың бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен оның білімділігімен анықталатынын атап өткен болатын. Сол себепті бүгінгі жоғары білімді жастар бұл идеяны іске асырулары үшін аянып қалмайтыны анық.
Дәріс оқу барысында Арын Өрсариев шетелде білім алып жүрген қазақстандық жастарды қолдау үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын айтты. Дәріске қатысқан студенттер өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ашық диалог алаңына түсті. Жастар еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту әрі қолдау саласындағы тың жаңалықтар мен өзгерістер турасындағы сауалдарына жауап алды.
ПМУ ректорының айтуынша, әлемдік тәжірибені Қазақстанның мемлекеттік басқару, индустрия, бизнес және басқа да түрлі салаларға енгізу үшін жастар студенттік кезден бастап-ақ ғылым мен техниканың алдыңғы қатарлы жетістіктерімен таныс болуы тиіс.
«Елбасы жастарға үлкен үміт артып отыр. Бүгін шетелде білім алып жүрген жастарымыз алған білімдерін еліміздің дамуына лайықты қолдана біледі деп сенеміз», - деді Арын Амангелдіұлы.
Арын Өрсариев өзі де «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алғандықтан, ол өзге елде білім алып жүрген жастардың өмірін, оларды толғандыратын мәселелермен таныс. Ол жастармен өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, елімізге шетелдік тәжірибені енгізу мәселелері бойынша әңгіме қозғады.
Шара барысында бизнесті бастау, ұйымдастыру және дамыту, тиімді басқарудың психологиялық аспектілері де сөз болды.
«Бүгінгі кездесуде сапалы білім алып қоғамға пайдасын тигізуді мақсат тұтқан ақылды да жігерлі жастарды көрдім», - деп білімге талпынған жастарға жігер берді С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры.
Дереккөзі: inform.kz