Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері ағылшын тілін жоғары дәрежеде білуге міндетті - С. Қадырова
Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері ағылшын тілін жоғары дәрежеде білуге міндетті. Бұл туралы бүгін Алматыда Наурызбай ауданының Қалқаман-2 ықшамауданында химия-биология бағытында оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылуы рәсімі барысында аталмыш мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары Салтанат Қадырова мәлімдеді.
«Мұғалімдер арасында байқау өте күрделі болды. Бір орынға 10-нан астам адам үміткер болды. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші, олар күрделілігі өте жоғары тест тапсырды, екінші өзі және мамандығы жайлы эссе жазды, үшінші қазылар алқасымен әңгімелесу болды. Ал қазылар алқасының құрамына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұстаздары және мектеп директоры енді. Бізде әлі мұғалімерге қатысты бос қызмет орындары бар. 1 қыркүйекке дейін әлі жұмысқа қабылдаймыз. Мұғалімер ағылшын тілін білуге міндетті. Тіпті өз ісінің маманы бола тұра ағылшын тілін білмейтін болса, оқу жылы барысында оны үйренуге белгілі бір мерзім беріледі », - деді С. Қадырова.
Сонымен қатар ол, мектепке оқушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келгендігін жеткізді.
«Мектебімізде тек алматылық қана емес, еліміздің басқа да өңірлерінен келген балалар бар. Байқау бойынша бір орынға 10 оқушыдан келді. Қазіргі таңда барлығы 790 оқушы қабылданды. Енді сабақтар қазақ және орыс тілінде жүргізілетін болады. Ал 11-ші және 12-ші бейінді сыныптарда оқушылар сабақтарды ағылшын тілінде оқиды. Бір сыныпта 20-24 оқушыдан болады. Бірақ, олар топтарға бөлінеді. Бір топта 12 оқушыдан болады», - деді С. Қадырова.
Айта кетелік, мектепке оқушылар 7-ші сыныптан бастап қабылданады. Олар түсер кезде алдымен матеметикадан, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен емтихан және логикалық тест тапсырады.
Дереккөзі: inform.kz