Успен ауданындағы «Гилацкое» шаруа қожалығының мамандары ірі мал азығы -судандық шөптің жаңа сортын өсіру технологиясын ойлап тапқан.
Қожалық директорының егіс жұмыстары жөніндегі орынбасары Сергей Ряхинның айтуынша, «Алина» атты шөптің жаңа сұрыбын шығаруға Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының селекционерлері атсалысқан. - Өсімдіктің жаңа сортын өткен жылы алғаш рет небары 40 гектарға еккен болатынбыз. Былтыр құрғақшылық болғаны белгілі. Тәжірибе көрсеткендей, судандық шөп өзге өсімдіктерге қарағанда әлдеқайда төзімді екеніне көзіміз жетті. Биылғы жылы шамамен 120 гектар алқапқа салынды. Шөптің биіктігі 1,70-1,80 сантиметрге дейін жетеді. Артықшылығы сол, шөп ыстық ауа райына төзімді, әрі төрт түлік үшін құнарлығы мол өнім, - дейді С. Ряхин.
Маманның сөзінше, шаруашылықта қазіргі таңда көп жылдық және бір жылдық шөптің бұдан басқа тағы екі сорты: «Бродская» және «Изумрудная» егіледі. Бүгінде шабындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. - Көп жылдар бойы «Бродская» шөбін өсіріп келді. Сондықтан жаңа сұрыпқа деген қажеттілік болды деуге болады. Судандық шөпті шабуды бірер күнде аяқтаймыз. Өнімділігі көңіл көншітерлік, бір гектардан 50-55 центнер өнім аламыз. Ал тамыз айында пішендеме әзірлеуге көшеміз. Осылайша, облыс халқына жаңа шөпті сатылымға ұсынамыз, - дейді С. Ряхин. «Галицкое» шаруа қожалығы бұдан бөлек қарақұмық, күнбағыс, сұлы, бидай, асбұршақ, жүгері егумен айналысады.
Дереккөзі: baq.kz