Ғылыми жаңалықтар

Әулиеатаға асфендияровтың филиалы келеді

16.07.2015

4747

Тараз қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылмақ. Аталған оқу орнының өкілдері мен өңіріміздегі емдеу мекемелері басшыларының қатысуымен өткен жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мұны өте қуанышты һәм тарихи оқиға ретінде атап өтті.
– Медицина саласындағы қызметтің сапасын көтеру өте маңызды. Салада кадр тапшылығы да бар. Облыстың қала, аудандарындағыларды қоса алғанда, 200-дей маман қажет. Соңғы жылдары бізде заманауи талаптарға жауап берерлік облыстық, қалалық балалар ауруханалары салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде 300 төсектік көп профильді аурухана мен перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, аудан, қалаларда емханалар соғылуда. Осылардың бәріне маман керек. Филиалдың осынау мәселе оңды шешілуіне, сөз жоқ, септігі тимек. Оның түрлі медицина салалары бойынша кафедралары жұмыс істейтін болады. Медициналық университетті бітірушілердің осында дайындықтан өтуі қамтамасыз етілмек, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Осы орайда айта кетерлік бір жай, өңірдегі кадр тапшылығын жою мақсатында С.Асфендияров атындағы медициналық университетте жеңілдікпен оқу мүмкіндігіне ие болған 110-дай жамбылдық студенттің оқу төлемақысының тоқтатылуы соңғы жылдары шулы мәселеге айналған-ды. Дейтұрғанмен, олар қамқорлықтан қағыс қалған жоқ. Өңір басшысы осымен байланысты аталған оқу орнында оқитын жамбылдық білімгерлердің 2014 жылғы қысқы, биылғы жылғы жазғы сессияларында да оқу төлемақысы демеушілер арқылы төленгенін, ал өңірімізде аталған университет филиалының ашылуы олар үшін үлкен көмек болатынын жеткізді.
Алдағы уақытта осы филиалға ауысып, оқуын одан әрі жалғастыруға ынталы білімгерлерге 4-курста – 20, 3-курста – 15, 2-курста – 10, 1-курста 5 пайыз жеңілдік берілетін болады.

Дереккөзі: akjolgazet.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар