Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Үндістанда Наурыз мерекесіне арналған концерт қойды, деп хабарлайды ЖОО баспасөз қызметінен.
Наурызды мерекелеу Дели қаласындағы Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Елшіліктерімен ұйымдастырылды. Іс-шараға Үндістанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Навтедж С.Сарна қатысты.
Делегация құрамындағы ҚазҰУ студенттерінің берген концертін жиналған қауым қуана қабылдады. «Бақыт» студенттік шоу-балетінің биден сүйемелдеуімен халық әндері мен әуендері, сондай-ақ танымал қазақ авторлары мен композиторларының заманауи шығармалары орындалды. Көрермендер сонымен бірге Наурыз көжеден және басқа да қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, ұлттық музыкалық аспаптармен және киімдермен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Үндістанда Наурызды мерекелеу шарасы осындай жоғары деңгейде және кең ауқымды түрде алғаш рет өткізілді.
Бұған қоса, сапар барысында Үндістандағы Қазақстан Елшісі Болат Сәрсенбаев және ЖОО ректоры Ғалым Мұтанов бастаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы Ұлыбритания, БАӘ, АҚШ, Сингапур және т.б. әлемнің көптеген мемлекеттерінде филиалдары бар Үндістанның ірі жоғары оқу орындарының бірі «Амити» университетіне барды. Кездесуде екі университет арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен бірге ҚазҰУ студенттері «Амити» университетінің студенттік және профессорлық-оқытушылық құрамына арнап мерекелік концерт ұйымдастырды.
Сонымен қатар Үндістанға сапары шеңберінде ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов қазіргі уақытта әлем бойынша жылына 100 млн. оқырманы бар бүкіләлемдік «Британика» энциклопедиясының Азиялық бөлімі өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның тарихы және қазіргі кезеңдегі дамуы туралы энциклопедияның контентін сарапшылық кеңес құру арқылы толықтыру бойынша ҚазҰУ-ға айрықша құқық беру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Аталмыш келісімге энциклопедия өкілдерінің келесі айда Қазақстанға сапары барысында қол қою жоспарлануда.
Дереккөзі: inform.kz