Ғылыми жобаларды нарыққа шығару жағы ақсап жатыр - вице-премьер Гүлшара Әбдiхалықова
Бiздiң елде технологияларды коммерцияландыру негiзiнен зияткерлiк жекеменшiк құқығын келесi бiреуге сатумен шектеледi. Бұл туралы Астанада "Технологияларды коммерцияландыру" халықаралық форумында ҚР Премьер-Министрiнiң орынбасары Гүлшара Әбдiхалықова мәлiм еттi.
"Индустриалды дамыған елдерде өндiрiсте қолданысқа енгiзiлген жаңа технологияны ойлап тапқаны үшiн авторларға сыйақының 60 пайызы берiледi. Қазiргi уақытта Қазақстанда авторларға ғылыми-зерттеу қызметi үшiн пайда түсiру мақсатында берiлетiн сыйақы мәселесi өте өзектi болып отыр. Негiзiнен бiздiң елде технологияларды коммерцияландырудың орнына зияткерлiк жекеменшiк құқығын келесi бiреуге сатумен шектеледi. Оның басты себебi - жасақталған ғылыми жобаларды қаржыландыру тетiктерiнiң жоқтығы", - деп атап өттi вице-премьер.
Оның айтуынша, осы орайда Қазақстан Үкiметi бұл бағытта бiрқатар жұмыс атқарды.
"Қазақстандық ғылымды дамытуға арналған негiзгi институттар құрылды. Олардың қатарында Жоғары ғылыми-техникалық комиссия, Ұлттық ғылыми кеңестер, Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы, қоғамдық ғылыми ұйымдар бар. 2011 жылы арнайы Ғылым туралы заңның қабылдануы - Қазақстанның ұлттық ғылыми жүйесiнiң жетiлуiне ықпал жасады. Қаржыландыру көлемi түбегейлi өзгердi. 2010 жылы ғылымға 33 млрд. астам теңге бөлiнсе, 2013 жылы 62 млрд. теңгеден жоғары қаражат жұмсалды", - дедi Г.Әбдiхалықова.
Үкiмет басшысының орынбасары атап өткенiндей, дамыған елдерде ғылымға құйылған қаражаттың жартысынан көбiн жеке сектор қамтамасыз етедi. Жапония мен Германияда жалпы ғылымға бағытталған қаражаттың 70 пайыздан астамы, Финляндия мен Швецияда - 65, АҚШ-та - 64 пайызды құрайды.
"Елiмiзде Nazarbayev University Research and Innovation System ашылды және онда интеллектуалды-инновациялық кластердi құру бойынша жұмыстар жасалуда. Оның құрамына мектептер, ғылыми орталықтар, коммерцияландыру кеңсесi, бизнес-инкубаторлар, iлкi негiзде құрылған технопарк, Astana business campus ғылыми паркi енген. Бастапқы кезеңде ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, геологиялық, биомедицина, инжиниринг кластерлерiн құру жоспарлануда. Ғылыми парк корпоративтiк, ғылыми-зерттеу орталықтарын, зерттеу институттарын және iрi әрi жоғары технологиялы компаниялардың қалыптасуын қамтамасыз етуi тиiс", - дедi ол.
Сонымен қатар вице-премьердің айтуынша, технологияларды коммерцияландыру менеджерлерiнiң тапшылығы да бұл саланың өрiсiн кеңейтпей отыр.
"Әлемдiк тәжiрибе бойынша, 30 ғалымға 1 технологияларды коммерцияландыру маманы келуi керек. Осылайша, Қазақстанда 2013 жылы ғылыми қызметкерлердiң саны 23 712 адам болса, тиiсiнше бiзге 790 жоғары бiлiктi коммерцияландыру мамандары қажет", - деп түйдi сөзiн ол.
Бүгiнгi форум 2008 жылы басталған ҚР Үкiметi мен Дүниежүзiлiк банк арасындағы қарыз туралы келiсiмнiң технологияларды коммерцияландыру жобасын iске асыру шеңберiнде өткiзiлуде. Бүгiн нақты коммерцияда қолдануға болатын креативтi ғылыми тәсiлдердi көрсететiн 50-ге жуық жоба ұсынылып отыр.
Дереккөзі: inform.kz