Назарбаев Университеті үшін білім беру гранттары мен стипендиялардың жекелеген ұғымдарын енгізу жоспарланады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында мәлім болды.
«Назарбаев Университеті ашылғаннан бері онда студенттерді қабылдаудың ерекше тәртібі жүзеге асып келеді. Бұл негізінен әлемнің жетекші зерттеу университеттерінің озық халықаралық практикалары бойынша қалыптасты. Екінші жағынан, заңнамаға сәйкес, біздің республикамызда мемлекеттік білім беру гранттарын иелену үшін қажетті балл тек қана Бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижелері бойынша берілуі керек. Сонымен қатар, Назарбаев Университетінде үміткерлерге арнайы қабылдау емтихандары өткізілетіні белгілі. Соған байланысты заң жобасымен Университет үшін арнайы білім гранттары ұғымы енгізіледі», - деді Т.Балықбаев.
Бұдан бөлек, заң жобасымен Назарбаев Университетіндегі стипендия ұғымын енгізу де көзделеді. Бұл ретте Университтеттегі студенттердің білімін бағалау үлгісі қолданылып, стипендиялар тағайындау мәселелері мен оларды төлеу шаралары заң нормасы арқылы реттеледі.
Дереккөзі: inform.kz