Ғылыми жаңалықтар

Жұмыс берушілер шетелде білім алып келген мамандарды қызметке алуға мүдделі

02.10.2014

6824

Бүгінде көптеген жұмыс берушілер шетелде білім алып келген мамандарды қызметке алуға мүдделі. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан "Білім беру бағдарламалар жүйесі: әзірлеу және жүзеге асыру" атты конференцияда "Кәсіпқор" холдингі басқарма төрағасының орынбасары Қадырбек Бөрібеков айтты.

Оның айтуынша, келесі жылы Астана мен Алматы қалаларында "Кәсіпқор" холдингіне қарасты екі колледж ашылады. Ақтөбе қаласында бір колледж жұмыс жасап тұр. Холдинг осы оқу орындарында шетелдік мамандармен бірлесіп оқу бағдарламаларын жасауды қолға алған.

"Бүгінде көптеген жастарымыз шетелдерде білім алуда. Шетелдегі белгілі оқу орнын бітіріп келген азаматтардың толығымен жұмысқа тұрып кетуге мүмкіншіліктері бар. Өйткені олар алдыңғы қатарлы технологияларды, жұмысты ұйымдастыру мәселелерін біледі. Сондықтан жұмыс берушілер бірінші кезекте осындай мамандарға баса назар аударады", - дейді ол.

Оның айтуынша, холдинг осы мәселені шешуде бірқатар жобаларды іске асыруда. "Дегенмен шетелге барып оқу баға жағынан өте қымбат. Сондықтан холдингке қарасты колледждерде шетелдердегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының профессорлары мен ұстаздары келіп, сабақ береді. Келісімшарт бойынша олардың қасында біздің қазақстандық ұстаздар бір жылдай уақыт болып, тәжірибе жинақтайды. Сабақтың барлығы ағылшын тілінде өтетіндіктен, біздің колледждерді тәмамдаған мамандар шетелде оқып келгендерден еш кем болмайды", - дейді Қ. Бөрібеков.

Маманның айтуынша, болашақта еліміздің арнайы маман даярлайтын барлық орта оқу орындары осындай деңгейге көтеріледі.

Айта кетейік, конференцияға Ұлыбритания, Австрия, Германия және басқа да елдердің кәсіби білім беру саласының үздіктері қатысуда.

Автор: Әбу-Асқар Мекешұлы

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар