Өзектi

Химия – Қазақ елінің болашағы!

02.09.2014

13596

Химияның дербес пән болғанына ұзақ уақыт болмаса да, сонау әлмисақтан күнделікті тұрмыста нақтылы қолданылып келген. Мысалы, май мен күлдің қасиетін пайдаланып қолдан сабын жасаған, айран ұйытып, қымыз ашытқан. Химияның дамуы ерте заман, таяу заман және осы заман сияқты ұқсамаған дәуірлерді басып өтті. Мыс, темір сияқты металдарды және қорытпаларды қорыту, шарап ашыту сияқтылардың бәрі де – химияның алғашқы табыстары. Тас көмір, мұнай, табиғи газ сияқты жанар заттарды ашу және пайдалану, қағаз жасау техникасының жарыққа шығуы мен дамуы сияқтылар адамзат қоғамының дамуында маңызды рөл атқарады. Дәрі-дәрмек химиясы мен металлургия химиясының кең көлемде зерттелуі таяу заман химиясының жарыққа шығуына және дамуына тамаша негіз қалады. Атом-молекула ілімінің орнауы таяу заман химиясының дамуындағы бір белес болды. Таяу заман химиясының дамуы барысында адамдар қыруар элементтерді арт-артынан тапты, сонымен бірге материалдық дүниенің негізгі заңы – элементтердің периодтық заңын ашты. Атом ядросы моделінің орнауы, спектрлік тәжірибелердің өте дәл сандық мәліметтерге ие болуы, радиациялық тәжірибе құбылыстары, фотоэлектр эффектінің табылуы негізінде орнаған осы заманғы заттардың құрылыс теориясы адамдарға заттардың ішкі сырын, сондай-ақ микро бөлшектердің мәнін терең де ғылыми түрде ұғындырды. Сондай-ақ заттарды зерттеу атом-молекула деңгейіндегі микро салаға бет алды, сонымен бірге, химияның басқа пәндермен тығыз қарым-қатынасынан химия ғылымының өрісі барған сайын кеңейді. Жаймалағыш туннельді микроскоптың сәтті зерттеліп жасалуымен адамдар атомның кескінін және қозғалыс күйіндегі химиялық өзгерісін анық бақылай алатын болды.
Бүгінгі күнде, химияға және ауыл шаруашылығы мен қоғамдық тұрмысқа тығыз байланысты болған материал, энергия қайнары, кеңістік пен тіршілік арасындағы байланыс күннен күнге қоюланды, әрі химия осылардың арасындағы алтын көпірге айналды.
Теориялық және қолданбалы химияның халықаралық одағының (IUPAC) бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы 2011 жылды – «Халықаралық химия жылы» деп жариялаған. Халықаралық химия жылы ресми түрде 2011 жылдың 27-28 қаңтарында Париж қаласында ашылды. БҰҰ Бас ассамблеясының Халықаралық химия жылын өткiзу туралы қарарында: «Іргелi химияның жетiстiктерi қазiргi материалдық әлемнiң кiлтiн табудың заманауи деңгейiн анықтайды, ал химиялық технологиялар мен үдерiстер климаттың өзгеруi, халықты таза сумен, тамақпен және энергиямен қамтамасыз ету, қоршаған табиғи ортаны сақтау сияқты ғаламдық мәселелердi шешуде маңызды рөл атқарады» делiнген. Халықаралық химия жылының ұраны «Химия – бiздiң өмiрiмiз, бiздiң болашағымыз» деп аталады. Осы ұранның өзi аталған ғылымның адамзаттың тұрақты дамуындағы маңызды рөлiн айқын көрсетедi. Химия ғылымының ел экономикасындағы алар орынын 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының үдемелi индустриалды-инновациялық мемлекеттiк бағдарламасынан да байқауға болады. Бағдарламада анықталған экономиканың басым секторларының барлығы да – мұнай-газ секторы, мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы, химия өнеркәсiбi, атом өнеркәсiбi, фармацевтика өнеркәсiбi, құрылыс индустриясы тiкелей химия ғылымының жетiстiктерiмен және химиялық технологиямен тығыз байланысты. Шын мәнiсiнде де, химия ғылымының ауқымы өте кең және заттардың бiр түрiн екiншiсiне айналдыруға және практикада қолдануға бағытталған. Ал Қазақстанда, 2011 жылы химиктердiң тұңғыш халықаралық бiрлестiгiнiң құрылғанына 100 жыл толды.
Кезiнде Б. А. Бiрiмжанов «Бiз – химия ғасырының тұрғындарымыз» атты сөзi қазiргi уақытта өмiр шындығына айналып отыр.
Ал, біздің Қазақстан – өзінің жер қойнауының байлығымен әйгілі. Бұл жер қыртысының геологиялық құрылысы мен даму ерекшеліктеріне байланысты. Тау түзілу, магмалық жыныстардың енуі және метаморфизм, яғни эндогендік процестердің әртүрлілігі, солармен байланысты тау жыныстарының құрылымында, минералдық және химиялық құрылысында болған қандай да бір өзгерістер түрлі пайдалы қазбаларды түзеді.
Пайдалы қазбалар деп, қазіргі техниканың даму деңгейінде, табиғи түрінде немесе өңделгеннен кейін шаруашылықта пайдалануға болатын минералдар мен тау жыныстарын айтады. Әдетте, таулы аймақтарда және шөгінді қабығынан айырылған платформаларда рудалы қазбалар кені көптеп кездеседі. Ал шөгінді түріндегі пайдалы қазбаларды (мұнай, газ, уран және т.б.) шөгінді қабығы бар жазықтарда кездестіруге болады.
1919-1923 жылдардың өзінде Қарағанды тас көмір алабының өнеркәсіптік мүмкіндіктері анықталды. Содан бері Қазақстанда геологиялық пайдалы кендер ашылып, жоспарлы зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Қазақстанда аса маңызды минералдық шикізат түрлерінің бәрі дерлік бар. Еліміздің жер койнауынан Менделеев кестесіндегі 110 элементтің, оның 70-інің мол қоры барланған және 60-тан астамы өндіріледі. 6 мыңға жуық пайдалы қазбалар кен орындары ашылған. Қазақстан Еуразия континентінде хром қорынан ең бай ел, ал марганец қорынан бүкіл ТМД-да басым ел. ТМД көлеміндегі мыс пен қорғасын корының жартысынан астамы, мырыштың 70 %-ынан астамы Қазақстанда шоғырланған.
Пайдалы қазба орындары жанатын, кен және кен емес болып үш топқа бөлінеді. Жанатын пайдалы қазбаларға мұнай мен газ, көмір, уран және т.б. кен орындары жатады.
Мұнай мен газдың мол қоры Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе және Батыс Қазақстан аймақтарында шоғырланған. Мұнай елімізде бірінші рет 1899 жылы Қарашүңгілдегі Ембі кен орнындағы мұнай ұңғысынан атқылады. Ал, 1911 ж. Доссор, 1915 ж. Мақат кен орны пайдалануға берілді. Бұл кен орындарына алпысыншы жылдары Маңғыстау түбегіндегі Өзен мен Жетібай қосылды. Кейінірек олардан да куатты Қаражамбас пен Қаламқас, Теңіз (Атырау облысы), Кеңкияқ және Жаңажол (Ақтөбе облысы), Қарашығанақ (Батыс Қазақстан облысы) пен Құмкөл (Қызылорда облысы) кен орындары ашылды. Қазір Қазақстанда мұнай мен газ шоғырланған 14 алап және 207 кен орны бар. 1999 жылы Қазакстан қойнауынан алғашқы отандық мұнай алынғанына жүз жыл толғаны тойланды. Бүгінде республиканың жылына шамамен 55 млн тонна мұнайы шет елге шығарылады. 2000 жылы Атыраудың солтүстік шығысында 45 км жерде Каспий қайраңында Қашаған мұнай кен орны ашылды. Ол соңғы 30 жылдағы дүние жүзіндегі ең ірі кен орны. Геологиялық қоры 4,8 млрд тоннаға бағаланды. Жалпы Қазақстандағы мұнай қорының болжамы 20-25 млрд тонна. Қазақстандағы жалпы газ коры 6 трлн м3. Дүние жүзінде он екінші орын алады. Соның 70%-ы Қарашығанақтың үлесінде.
Қазақстанда көмір қоры мол. Мұнда тас көмір мен қоңыр көмірдің 10 алабы, 300 кен орны бар. Қазақстанның жалпы көмір қоры 164 млрд тоннаға жетті. Республика 90-жылдардың аяғына қарай жылына 90 млн тонна көмір өндіреді. Ғалымдардың жобалауы бойынша жылына 140 млн тонна өндірілсе еліміздегі көмір қоры 250 жылға жетеді.Көмір кен орындарының басым бөлігі Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында орналасқан.
Қазіргі кезде Қарағанды алабы 3600 км2 жерді алып жатыр. Бұл Қазақстанның негізгі көмір базасы. Қарағанды көмірі кокстелетіндіктен сапасы өте жоғары. Тас көмірдің 80 кабаты анықталған, олардың жалпы қалыңдығы 120 м. Көмірдің барланған жалпы қоры 60 млрд тонна.
Маңызы жағынан екінші орынды Екібастұз көмір алабы алады. Бұл алап Сарыарқа мен Ертіс маңы жазығы аралығында орналасқан. Павлодар облысында ауданы 160 км2, қазып алынатын көмір қабатының қалыңдығы 150 м. ашық әдіспен өндірілетін болғандықтан, еліміздегі көмірдің ең арзаны болып табылады. Дүние жүзіндегі ең ірі «Алып» кенішінде жылына 36 млн т. көмір өндіріледі. Соңғы кезде Майкүбі (Павлодар облысы) және Торғай көмір алаптарын игеру басталып, сондай-ақ Екібастұз көмір алабының «Алып», «Солтүстік» және «Шығыс» кеніштерінде кайта құру, кайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстанның минералды шикізат базасы дүние жүзінде уранның 25%-ын құрайды. Экзогендік кен орындары басым таралған. Елімізде уранның 100-ге жуык кен орындары барланған. Оның тең жартысы Солтүстік Қазақстанда орын алады. Ірі органогендік орындары Маңғыстау түбегінде кездеседі. Барланған қоры (470 мың тонна) жағынан Қазақстан дүние жүзінде екінші орында. Қазақстанда бүкіл ТМД жерінде өте қуатты уран минералдық базасы бар.
Қазақстанда түсті металдар шикізатының ірі базасы қалыптасқан. Олардың ішінде жетекші орынды мырыш, қорғасын және мыс кендері алады. Бұл металдардың республикадағы қоры бойынша тиісінше әлемде бірінші, екінші және үшінші орын алады. Олар Қазақстан түсті металлургиясы базалық кәсіпорындарының шикізат көзі болып табылады. Қазақстан әлемдегі ірі мыс өндіруші елдердің бірі. Республика аумағында мыс кентасының порфирлі, мысты құмтас, колчеданды, скарндық мысты-цеолитті, мысты-никельді, т.б. кен орындарының көптеген түрлері белгілі. Мыс кентасының ірі кен орындарына Жезқазған, Қоңырат, Ақтоғай, Айдарлы, Жаман-Айбат, Бозшакөл, Көксай, Қасқырмыс, т.б. жатады. Жекелеген кен орындарының (Жезқазған мыс кені, Жаманайбат мыс кені) мыс қоры 10 млн. тоннадан асады.
Қазір жер-жаһанда техника саласы қарыштап дамып тұр. Кезінде арман болған көптеген жайлар бүгінгі күні ешкімге таңсық емес. Ыбырай Алтынсарин атамыздың айтқаны айдай келгендей. Алғашқы ағартушымыз екі ғасырға жуық уақыт бұрын өнер-білім бар жұрттың өрісі кең екенін тілге тиек еткен еді. Қазіргі уақытта Қазақстанда инновациялық жоба­ларға маңыз берілуде. Яғни, жаңашыл идеяларға мемлекет тарапынан қолдау жасалады.
Соңғы жылдары елімізде тех­никалық мамандықтарға сұраныс артып тұр. Осы­ған орай, оларға мемлекет тарапынан бөлінетін грант артты. Дегенмен оған барып жатқан өрендер саны қанша? Мәселен, қазіргі күні химиялық технология мен металлургия бойынша инженерлер саусақпен санарлық. Ал, ғарыш саласын айтпай-ақ қоялық. Атап айтқанда, астрофизик, биохимик сынды кәсіпті игерген жастар – жоқтың қасы. Сондай-ақ еліміз картограф, геодезист мамандарына зәру.
Еліміз Тәуелсіздік алды. Жүрер жолды таңдайтын уақыт туды емес пе. Сол шақта техникалық мамандыққа сұраныс артты. Алайда кейбір сала бойынша әлі де кәсіп мамандар жоқ. Сондықтан шетелден келген инвесторлар мамандарын өздерімен бірге алып келуде. Өркениетті елдерде техникалық мамандыққа аса көңіл бөлінген. Шап-шағын аралға қоныс тепкен Жапонияны алайықшы, қазір бұл елдің әлемде беделі зор. Аталмыш елде техниканың жеті атасы жасалады. Қызығы, жапон жерінде қазба байлық аз. Күншығыс елінің өкілдері ақыл-ойдың жемісін жеп отыр. Ғалымдар төрткүл дүниеге таңсық талай техниканы ойлап табады. Оңтүстік Корея да олардан қалыс қала қоймайды. Құдай қосқан көршіміз Қытай да алдыңғы орыннан көрінуге талпынып жүр. Еуропа елдерінде де осындай серпіліс байқалып тұ­рады.
Жаһандану заманында әрбір ел ғылым мен техниканың дамуы арқылы мақтана алады. Соның нәтижесінде абыройы биіктейді. Қазақстан 70 жыл бойы шикізат елі болып келді. Сол олқылық күні бүгінге дейін жалғасуда. «Біздің елімізде Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар» деп көкірек соғамыз. Одан өзге жұртты мойындатқан қандай өнім шығарып отырмыз? Амалсыз жүзімізді төмен саламыз.
Кезінде ғалымдар химия дегеніңіз – болашақтың ілімі деген екен. Шынымен де, ойлап қарасаңыз, Германия неше мәрте алапат соғыста жеңіліс тапты. Бірақ, аяғынан тез тұрып, өркендеп кетті. Мәселе химияда жатыр! Немістер химия өнеркәсібінің ішін ақтарып, барлық құпиясын жете меңгеріп алған, осыдан барып олардың экономикасы қарыштап дамып кетті.
Кезең ауыспалы болып тұр. Күні ертең не күтіп тұрғанын ешкім дөп басып, болжай алмайды. Сондықтан, қазақтың химия өнеркәсібін қалайда жандандыруға күш салып, осы салада бренд жинауға барынша дайындық танытқанымыз абзал. Сонда біздің келер ұрпақ алдында жүзіміз жарық, еңсеміз тік болады, өйткені, химия – мұнай-газ, алтын т.б ол –экономика, химия – дәрі-дәрмек, ол – д енсаулық, химия – техника, химия – ғарыш, химия – атом, атап айтқанда – химия ХХІ ғасыр. Сол үшін де химиясын дамытқан елдің болашағы да қарыштай түседі!
Химияны үйренгенде, химиялық өзгерістердің қағидаларын түсініп, тұрмыс пен өндірістегі кейбір құбылыстарға түсінуге, әрі осы өзгерістерді тежеп, адамзатқа пайдалы жаққа қарай дамытуға болады. Мысалы, жану қағидаларын толық түсінгенде, толық жандырып, жанар затты үнемдеуге әрі өрттен қалай сақтануды, өртті қалай сөндіруге болады, ал металдардың жемірілуі қағидаларын білгенде ұқсамаған шарт-жағдайда ұқсамаған маталдарды жеміруден сақтауға болатындығын білуге болады.
Химияны үйренгенде, табиғат дүниесінде ежелден бар заттарды ажыратып алуға болады, мысалы, мұнайдан мұнай өнімдерін алу. Сондай-ақ, табиғат дұниесінде бұрын болмаған заттарды да жасауға болады, мысалы, мұнайды шикізат етіп көп түрлі пластмасса, синтездік талшық, синтездік каучук, синтездік сабын, дәрі-дәрмек қатарлыларды жасауға болады.
Химияны үйрену – жаңа материалдарды зерттеп жасауымызға, жаңа энергия көзін зерттеуімізге, тіршілік құбылыстарын зерттеуімізге, байлықты үйлесімді пайдаланып, қоршаған ортаны ластанудан сақтауымызға және қорғауымызға ауыл шаруашылықты дамытуға, адамзат денсаулығын жақсартуымызға көмегін тигізеді, т.б.
Химияны үйрену – физика, биология, география қатарлы жаратылыстық ғылымдарды жақсы үйренуімізге және одан ары зерттеуімізге көмектеседі.
Химияны қайткенде жақсы үйренуге болады? Әр оқушының, мектептің шарт жағдайы ұқсамағанымен мына бірнеше түйінге көңіл бөлу керек, мысалы, химиялық зертханаға көңіл бөлу және оны талапқа сай орындау, маңызды заттардың құрамы мен қасиетін қанық білу, үнемі қолданылатын химиялық тілдерді ұғыну және қолдана білу, негізгі химиялық ұғымдар мен заңдарды ұғыну, үйренген химиялық білімдердің тұрмыс пен қоғамдағы қолданылуын түсіну, химияны үйрену қызығушылығын өсіру, бақылау, есте сақтау, тәжірибе жасау, өздігінен іздену қабілетін жетілдіру, т.б.

Аятжан АХМЕТЖАН,
ұстаз

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар