Жоғары оқу орындары мен колледждерде мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істейтін педагог-медқызметкер мамандығы оқытылатын болды.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан білім беру саласындағы қызметкерлердің республикалық тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.
"Бізді маман тапшылығы алаңдатады. Бүгінде мектепке дейінгі білім мекемелерінде 60 мың педагог еңбек етеді, олардың ішінде 18 мыңнан астамы жас мамандар. Бұл ретте айту керек, жоғары мамандандырылған білімі бар педагогтардың үлесі 20 пайыздан ғана асады", - дейді Сәрінжіпов.
Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беретін мекеме педагогтарының біліктілігін арттыру жүйесі деңгейлік дайындыққа көшеді. Бұл мұғалімдердің жалақысын көтеруді де қамтамасыз етпек.
"Сондай-ақ, жоғары және кәсіптік-техникалық білім департаменті бүлдіршіндермен жұмыс жасайтын педагог-медициналық қызметкер мамандығы бойынша колледжер мен жоғары оқу орындарының классификаторын енгізуді тапсырды", – дейді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы биыл елімізде 73 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Министрдің айтуынша, 2013 жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен 43 мың орындық 124 мектеп пайдалануға берілген.
"2014 жылы 51 млрд теңгеге 73 мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. 2015 жылы республикалық бюджет есебінен тағы 47 мектепті пайдалануға беру жоспарланған", – дейді Сәрінжіпов.
Министр атап өткендей, бүгінде елімізде 70 мың оқушыға орын тапшы.
Сонымен қатар елімізде апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу үшін бес жылдық жоспар әзірленді.
Министрдің деректері бойынша, елімізде бүгінде 176 апатты жағдайда жұмыс істейтін мектеп бар. Олардың көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында екен.
"Министрлік білім беру мекемелерінің жағдайын таразылап, апаттық және үш ауысымда оқытатын мектептерді анықтады. Арнайы комиссия құрылып, бес жылдық жоспар бекітілді", – дейді Сәрінжіпов.
Сонымен қатар, оқушыларының саны аз мектептер мәселелерін шешу бойынша іс-шаралар қолға алынған.
"Оларды оңтайландыру тетіктері әзірленді. Шағын комплектілі мектептердегі білім сапасын көтеру үшін тірек мектептер, ресурстық орталықтар арқылы оқытуды қамтамасыз ету қажет, сондай-ақ, интернаттар желісін дамыту керек", – дейді министр.
Дереккөзі: nur.kz