Геологиялық ұйымдар бірлестігінің президенті геологтардың биылғы жоспарларымен бөлісті
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Кен-руда және металлургиялық өнеркәсіп комитетінің мүшесі, «ҚР Мемлекеттік өндірістік геологиялық ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Серікбай Хамза еліміздегі геологиялық ахуал және геологиялық ұйымдардың жұмысымен таныстырды.
«Геологиялық зерттеуді жоғары деңгейге көтеру мәселесін Елбасымыз 2011 жылы сәуір айында Астанада өткен ауқымды кеңесте айтқан болатын. Содан бері бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Жуырда ғана болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Нұрсұлтан Назарбаев геология мәселесін көтерді», - деп атап өтті ол.
С.Хамзаның айтуынша, Елбасы ұдайы баса назар аударып келе жатқандықтан, геология қауымдастығы да соңғы кездері біршама шаруалар атқарды.
«Геологиялық қауымдастық Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрамына кіргелі, бірқатар ірі шаралар атқарды. Мәселен, «Қазақстанның кейбір кенді өңірлері» деп аталатын үлкен семинар өткізді, сондай-ақ 52 ұжымнан 151 маман қатысқан тағы бір үлкен жиын былтыр Алматы қаласында өткізілді. Сонымен қатар биыл наурыз айында өткен бүкіләлемдік геологтар симпозиумында да Орта Азиядағы ірі кен орындарының зерттелу мәселесі жан-жақты талқыланды», - деді С.Хамза.
Бірлестік басшысы сондай-ақ қауымдастықтың геология саласындағы биылғы жоспарларымен де бөлісті.
«Биыл Ұлттық палатаның қолдауымен Қарағанды қаласында тамыз айының аяғында еліміздегі геологиялық ұжымдардың бас геологтарын жинап, тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмыз. Ал қыркүйек айында Астанада жас геологтардың ғылыми-практикалық конференциясын өткіземіз», - деп атап өтті С.Хамза.
Дереккөзі: inform.kz