Ғылыми жаңалықтар

IРhO: Әмір Бірәлин, Тұрсынбек Нұрислам, Иса Данат «алтын» медаль алды

23.07.2014

5330

Физика бойынша 45-ші Халықаралық олимпиадада (IРhO) Қазақстан намысын қорғаған мектеп оқушылары 3 алтын мен 2 күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл туралы бүгін елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында аталған білім бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттау алдында тілшілерге берген сұхбатында IРhO-ны ұйымдастырушы комитет мен академиялық комитеттің мүшесі, физикадан Қазақстан ұлттық құрама командасының жаттықтырушысы Ернұр Рысмағамбетов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бұл білім сайысында «алтын» медальді Әмір Бірәлин, Тұрсынбек Нұрислам, Иса Данат иеленді. Ал Нұрбек Дінмұхаммед пен Дәулет Құрмантаев «күміс» жүлдені еншіледі.

Е. Рысмағамбетов Қазақстан намысын қорғаған бес оқушының барлығы жүлделі болғанын атап өтті. «Әр жылда осы олимпиадаға 5 баладан қатысқанын ескерсек, соңғы алты жылда барлығы 30 оқушы физикадан бұл бәсекеге түсті. Соның 29-ы елімізге медальмен оралды», - деп тоқталды ол.

«Жалпы олимпиада жоғары деңгейде өтті деп нық сеніммен айтуға болады. Барлық жетекшілер риза болды. Біз IРhO-ны есте қаларлықтай етіп ұйымдастыруға тырыстық. Ұйымдастыру кезінде көптеген тың шараларды енгіздік», - деді Е. Рысмағамбетов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Халықаралық олимпиадада Қазақстан мықты елдердің ондығына еніп, ресми емес командалық есепте 8-орында тұғырланды. Осы білім бәсекесінде еліміздің алдына Қытай, Тайвань, Корея, Вьетнам, Үндістан, Ресей елдері тұр.

Айта кетейік, 13 шілдеде басталған бұл білім сайысы елордадағы Назарбаев Университеті базасында өтті. Атап айтқанда, физикадан Астанада ұйымдастырылған осы білім додасына Қазақстанға әлемнің 85 елінен 400-ге жуық оқушы келді.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар