Жуырда «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» «Туған елге тағзым» атты өлкетанулық-зерттеу экспедициясы Сыр еліне келді.
Жоба аясында өңірлерден жиылған экспедициялық топтар еліміздің барлық аймақтарында болып, сол жердің флора, фауна, тарихын, мәдениетін, инновациялық объектілерін, архитектуралық құрылыстарын зерттейді. Топ мүшелері әр аймақтың үздік оқушылары болып табылады.
Қызылорда қаласының оқушылары Өскемен мен Астана қаласының ерекшеліктерін зерттесе, Қарағанды және Астана қаласының НЗМ оқушылары Сыр өңірінің тіршілігімен танысты.
- Қос қаладан келген 50-ге тарта оқушы 10 күн бойы түрлі тарихи жерлерді аралап, архитектуралық келбетін зерттеп, жазушы-ақындардың өмірімен танысты. Қарағандының жас зерттеушілерін еріктілер мен мектеп қызметкерлері салтанатты түрде күтіп алып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Түрлі ойындар ойнатылып, танысу тренингтері өтті. Қызылорданың өткені мен бүгіні жайында деректі фильм көрсетілді, - дейді «НЗМ» баспасөз хатшысы Е.Рыбина.
Қарағанды мен Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жас ғалымдары Қызылорда өңірінде алғашқы зерттеулерін бастады. Облыс орталығындағы мұнай өндеу зауытында болып, аймақтағы мұнай және газ секторының даму барысымен толығырақ танысты. Мұнай өңдеу зауытының техникалық қауіпсіздігімен танысқан оқушылар қара алтынның химиялық құрамын анықтайтын зертхана жұмысын да аралап көрді. Түрлі реакциялардың өту барысымен бақылап, мұнай өндіру процесстерін көрді.
Ұлы Жібек жолын жіті зерттеу мақсатында экспедиция Арал және Казалы ауданына жол тартты. Онда зерттеушілер балық зауыты, «Аралтұз» кеніші, Барсакелмес қорығы, Қамбаш көлі және тарихи ескерткіштерге барып, Сырдың ескі шаһарларымен танысты.
Жас ғалымдар тұңғыш қазақ театры Нартай Бекежанов атындағы қазақ драма театрында болды. Тұңғыш рет Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясын, мұнан соң Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясы», Иран-Ғайыптың «Тұрмағамбет», С. Балғабаевтың «Өтірік айтпайтын адам» трагикомедиясы қойылып көпшіліктің алғысына бөленді. Жас өрендер театр ғимаратын аралап, жұмысымен танысып, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темірмен және бірнеше танымал актрисалармен жүздесіп, әңгімелесті. Жастар театры, алғашқы спектакльдер туралы сауалдар жолдады. Экспедицияның 7-ші күнінде жас зерттеушілер Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен кездесіп, ауылшаруашылық, оның ішінде күріш саласының даму барысымен танысты. Кездесуден үлкен әсер алған жастар, Еңбек Ерінің айтқан әрбір сөзі өмірлік үлгі-өнеге болатынына сенімдіміз, дейді.
Экпедицияның соңғы күні облыстағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралауға жалғасты. Зияткер оқушылар диагностикалық орталықта болып, жаңа перзентхана жұмысын көрді. Осылайша зымырап өткен күндердің қалайша тез өте шыққанын аңдамаған оқушылар келер жылы қайта келуге уәде беріп, разы көңілмен аттанды.
Дереккөзі: inform.kz