Ғылыми жаңалықтар

ҚР ЖОО-ның 55 басшысы Британдық жоғары білімдегі көшбасшылық қоры жанындағы курстан өтті

17.07.2014

5485

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Британдық жоғары білімдегі көшбасшылық қоры мен Назарбаев университеті қамқорлығындағы біліктілікті арттырудың төрт апталық курсынан өткені туралы сертификаттарды қазақстандық ЖОО-ның 55 басшысына табыстады, деп хабарлайды primeminister.kz.
«Қазақстанның экономикалық, саяси тұрақтылығы, оның әлемдегi беделi елiмiздiң бiлiм беру деңгейiне байланысты екенiн есте сақтауымыз керек. Басты мiндет - адами ресурстарды дамытуда озық, әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне ықпалдасуға бейiм бiлiм беру жүйесiн құру. Академиялық басқару саласында алған бiлiмдерiңiз қажет болады деп есептеймiн. Бағдарлама жоғары бiлiм берудiң одан ары дамуына жаңа серпiн бередi деп үмiттенемiн», - дедi А.Сәрiнжiпов.

Бүгін Назарбаев университетінде біліктілік арттыру бағдарламасына қатысушы қазақстандық ЖОО жетекшілеріне сертификат беру салтанаты өтіп, онда 55 жетекші аталмыш сертификатқа ие болды.

Курс ұйымдастырушылары атап өткендей, Назарбаев университетінің Жоғарғы оқыту мектебінің Жоғары білімдегі көшбасшылық британ қорымен бірлесе дайындаған қазақстандық ЖОО жетекшілерінің аталмыш біліктілік арттыру курсы біздің еліміздің жоғары білімі жүйесінің дамуындағы маңызды жобалардың бірі болып табылады.

Бағдарламаның мақсаты - жоғары оқу орындарын басқарудың жаңа үлгiсiне көшу жағдайында жұмыс тиiмдiлiгiн арттыру үшiн ұлттық, мемлекеттiк және жеке меншiк жоғары оқу орындары жетекшiлерiнiң көшбасшылық қасиеттерiн дамыту болып табылады.

Курс барысында стратегиялық жоспарлау мен ұжымдық басқару, университеттiк басқарушылық, көшбасшылықтың жүйелiк, сыртқы, институционалдық және тұлғалық қырлары сияқты мәселелерге баса назар аударылды.

Айта кету керек, курсқа қатысушылар және ұйымдастырушылардың пiкiрiнше, мұндай бiлiм мен қабiлетке ие болу қазiргi таңдағы мәселелерге уақытылы жауап берiп, университетке қажет өзгерiстердi сәттi жүзеге асыруға мүмкiндiк бередi.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар