Ғылыми жаңалықтар

Жапон ғалымдары ежелгі қазақ қаласын зерттеуде

17.07.2014

6054

Ежелгі Отырар қаласын сақтау қалу үшін қазақстандық ғалымдарға Жапония ғалымдары көмек беруде. Бұл туралы бүгін Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-ның брифингінде ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізімінде Қазақстанның 3 нысаны бар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі , Тамғалы петроглифтік тас кешені, сондай-ақ, Сарыарқа — Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері. Сондай-ақ, Жапонияның қолдауымен ежелгі Отырар қаласын сақтау жобасы жүзеге асырылуда», - деді А.Мұхамедиұлы.
Министр сонымен қатар ежелгі Отырар қаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
«Отырар алқабының Ескерткіштері» мен оны жасаушыларының құрамдас бөлігінің аймақтар шекралары мен қорғау зоналарын анықтау бойынша жұмыстар мен зерттеулерді жүзеге асыру аясында «Ежелгі Отырар ескерткіштері» номинациясын Бүкіләлемдік мұралар Тізіміне дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді министр.
Айта өтейік, Отырардағы алғашқы қазбаны Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшелері А.К.Кларе мен А.А. Черкасов 1904 жылы жүргізді. Олар бірқатар траншеялар салып, материал жинақтады. Кейінгі зерттеулер, тек, ХХ ғасырдың 40-жылдары профессор А.Н.Бернштам басшылығымен жалғасын тапты. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (1971 ж. бастап ҚазКСР ҒА Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы болып аталады) ұйымдастырылып, оны Кемел Ақышев басқарды, ал, 1991 жылдан Карл Байпақов басқарып келеді. 2001 жылы ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония бастауымен «Ежелгі Отырар қалажұртын консервациялау және сақтау» Қорының халықаралық жобасы жұмысын бастады. Жобаның негізгі мақсаттары: құжаттық база жасау мен консервациялық шаралар болды.

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар