Жаратылыстану ғылымдар факультетінде «Қазіргі биологияның өзекті мәселелері» атты Жазғы биологиялық мектеп өтті
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Павлодар облысы әкімдігінің арасындағы ғылым-білім қызметіндегі өзара ынтымақтастық туралы келісім аясында 2014 жылдың 7-12 шілдесі аралығында «Қазіргі биологияның өзекті мәселелері» тақырыбында Жазғы биологиялық мектеп өтті.
Мектеп жұмысына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің жаратылыстану ғылымдар факультетінің «Биология» және «Биотехнология» мамандықтарының және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің (ПМУ) химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің «Биология» және «Экология» мамандықтарының магистранттары мен докторанттары қатысты. Мектеп Павлодар облысының Баянауыл ауданының Сабындыкөл көркем көлдің жағасында орналасқан С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің «Баянтау» демалыс базасында өтті.
Жазғы мектеп бағдарламасына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің жалпы биология және геномика кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі, б.ғ.д., профессор Р.І. Берсімбай, химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканы, б.ғ.д., профессор Қ.Қ. Ахметов, ПМУ биология және экология кафедрасының профессоры, б.ғ.д. К.Ұлықпан, ЕҰУ-дің биотехнология және микробиология кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.к., Р.Т. Омаров, ЕҰУ-дің қоршаған ортаны қорғауды басқару және инжиниринг кафедрасының доценті, б.ғ.к., Ж.К. Масалимов, ЕҰУ-дің жалпы биология және геномика кафедрасының доценті, б.ғ.к. А.С. Дінмұхамедованың теоретикалық семинарлары, дәрістері мен эксперименттік ғылыми зерттеулері кірді. Сабақтар шеберлік сабақтары мен семинарлар түрінде жүргізілді. Сонымен қатар еркін пікір алмасу мақсатында доктранттар мен магистранттардың ғылыми тақырыптарын талқылау мақсатында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірінде өткен кездесу білім алушылар үшін жемісті болды. Олар университеттердің жетекші профессорлармен пікір алмасып, тың идеялар мен терең білім алуға зор мүмкіндік алды.
Дерерккөзі: enu.kz