ЕҰУ-де «Мектепке дейінгі жастағы балаларды ерте жастан дамыту: жай-күйі, бағыт-бағдары және перспективалары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі жастағы балаларды ерте жастан дамыту: жай-күйі, бағыт-бағдары және перспективалары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Конференция жұмысына ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, ҚР БҒМ Ақпараттық талдау орталығының президенті Серік Ирсалиев, «Қазақстан» РТРК АҚ президенті Нұржан Мұхамеджанова, Беларусь Республикасы Білім министрлігі «Ұлттық білім беру институты» Ғылыми-әдістемелік мекемесінің мектепке дейінгі білім беруді әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Раиса Косенюк, Ұлыбритания, Кембридж университетінің оқытушысы Вернон Леймани және тағы басқа отандық және шетелдік сарапшылар мен ғылыми қызметкерлер, мүдделі ведомство өкілдері, білім басқармалары мен педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының басшылары, мектепке дейінгі білім беру мамандары, мектепке дейінгі ұйым басшылары мен әдіскерлері қатысты.
Конференцияға қатысушылар пленарлық және төрт тақырыптық секция бойынша ерте жастағы балаларды дамыту мәселелерін, мүдделі органдар және үкіметтік емес ұйымдармен, ата-аналар қауымдастығымен әріптестікті шешу жолдарын кеңінен талқылады.
Мектепке дейінгі балалардың жай-жүйін ортаға салған басқосу барысында қатысушылардың назарына мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру процесінде қолданылатын инновациялық әдістемелер мен технологиялар көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарына саяхат жасап, олардың ерте жастағы балаларды дамытуға жағдайлар жасау бойынша жұмыс тәжірибелерімен танысты.
Халықаралық конференция қорытындысында балаларды ерте жастан дамытуға арналған жағдайларды жақсарту және қатысушылардың баяндамалары енетін материалдар жинағы бойынша ұсыныстар қабылданды.
Дереккөзі: enu.kz