Ғылыми жаңалықтар

Ғылыми конференцияға 5 инновациялық жоба ұсынылады

27.06.2014

5898

Астанада қала күніне орайластырылған «Ақпараттық қоғам мәнмәтініндегі астаналар» жетінші жыл сайынғы халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады. Екі күндік шараға Қазақстан, Ресей, Украина, Белоруссия, Германия және Түркия елдерінің тарих, экономика, философия, саясаттану, әлеуметтану және басқа да ғылымдар салаларындағы ғалымдар мен зерттеушілер қатысады.
«Аталған конференцияның бірнеше тренді бар. Біріншіден, астаналар ақпараттық технологиялардың, ақпараттық қоғамның, инновациялардың өсу нүктесі болып табылады. Сондықтан олар постиндустриалды дәуірде жаһандық қалаға айналады. Бұл қалалар, басқаша айтқанда, smart қалалар деп аталады, конференциядағы баяндамалардың жартысы осы тақырыпқа арналады. Тағы да бір маңызды тренд адам капиталы, оның өсуі мен дамуы. Осыған орай білім мәселелері де талқыға түседі. Үшінші тренд бүгінде маңызды рөл атқарып, күн тәртібін қалыптастыратын медиа», - деді «Астана-Зерттеу» қоғамдық қорының басшысы Ғазиз Телебаев сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, шара барысында Astana Innovations компаниясының «Smart Аstana» жобасы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының «Астана мифтері мен аңыздары» жобасы, сондай-ақ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттерінің виртуалды домбыра, электронды жолбасшы және тұрғынжайлар ішінде жол табуға көмектесетін жобалар таныстырылады. Бұдан басқа, шетелдік қонақтар соңғы уақытта Астанада тұрғызылған нысандарды аралайды.
Еске салайық, аталған шара 6 жылдан бері өткізіліп келеді, оған әлемнің 15 астам мемлекетінен 350 өкілі қатысты.

Дереккөзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар