Бүгінде шынайы ғылымның дамуына ғылыми жұмыстарға жиендік жасау, яғни, плагиат айтарлықтай кесірін тигізіп отырғаны белгілі. Бұл мәселе таяуда «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы мен «Almaty Management University» мемлекеттік емес білім беру мекемесімен бірлесіп ұйымдастырылған шарада кеңінен сөз болды. Айтуылы шараға еліміздегі ЖОО-дың өкілдері мен Ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысысп, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.
Қазіргі таңа ҚР Ғылым және білім министрлігі ғылыми жұмыстардың өңін өзгертіп, ғылыми атаққа қол жеткізуге ұмтылушылармен аяусыз күресіп келеді. Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ғылыми журналдарды даярлау және сапасын бағалау жөніндегі басқарма басшысы Қарлығаш Сәкенова:
– Бүгінде отандық ғылымды дамыту жолында Ғылым және білім министрлігі көптеген жұмыстар атқаруда. Соңғы жылдары енгізілген гранттық қаржыландыру жүйесі шынайы ғылымның алға басуына мейлінше жағдай жасап отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде қолға алынған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі отандық эконмиканы дамытуға бағытталуы керектігін ұдайы айтып келеді. Шынайы, сапалы ғылым ғана экономиканың дамуына септесетіні анық. Ал дайын ғылыми-зерттеу жұмыстарын көшіріп алу, ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау ғылыми этикаға жатпайтын қылық. Мұндай жұмыстар ғылымның дамуына, экономиканың алға басуына ешқандай үлес қоспайды. Сондықтан бүгінгі ұйымдастырылып отырған дөңгелек үстелдің ғылыми орта үшін маңызы зор деп есептеймін. Білім және ғылым саласын бақылау комитетіне келіп түскен диссертацияларға тексеру жұмыстарын жүргізгенімізде кейбір ізденушілер авторларға сілтеме жасмайтынын байқаймыз. Бұдан басқа ғылыми-зерттеу жұмысын жазу барысында қолданылған әдебиеттерін дұрыс жазбайтын ізденушілер кездесіп жатады. Бүгінде ғылыми жұмысты қалай жазудың тәртібі қалыптасқан. Мұны кез келген ізденуші бліуі тиіс. Ғылым жолына түскен жастарды жұмыстарын сапалы, қалыптасқан ережеге сай жазуға шақырамын, – деді.
Бүгінде плагиат ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Өз кезегінде сөз алған «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев бұл мәселемен орталық қызметкерлері жан-жақты күресіп келе жатқанын алға тартты. Қазіргі таңда ғылымдағы плагиат жайында қазір көп жазылып, көп айтылып жүргені белгілі. Көп жағдайда бұл кандидаттық және докторлық диссертациялармен бірге студенттердің ғылыми жұмыстарына қатысты болып тұрғаны белгілі.
– «ҰҒТАО» АҚ-ы автордың ғылыми еңбегіне сілтеме көрсетпей пайдалануды және пайдаланған дерек көздерін тексеруді 2010 жылдан бері жүргізіп келеді. 2010-2014 жылдар аралығында «Антиплагиат» жүйесі арқылы орталық қызметкерлері 5721 ғылыми жұмысты тексеруден өткізді. Орталық елеміздегі диссертациялық жұмыстарға тексеру жүргізетін үлкен әлеуетке ие. Айталық, 1994 жылдан бері «ҰҒТАО» АҚ-ы еліміздегі ғылымның барлық саласы бойынша толықмәтінді ғылыми-зерттеу жұмыстарын тіркеуді жүзеге асырып келеді. Осы 20 жылға кезеңде 42 мыңнан астам диссертациялық жұмыстар мен ғылыми-зерттеу әдістемелерінің есебін жинақтады. Осы мәліметтер қорына сүйене отырып, «Антиплагиат» жүйесін қалыптастырдық. Қазіргі таңда бұл жүйені ғылыми ізденушілерден бастап, студенттерге дейін еркін пайдалануда, – деді «ҰҒТАО» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев.
Дөңгелек үстел барысында білікті мамандар ғылым мен білім саласындағы академиялық тазалықты сақтау жүйесін дамыту, ғылыми еңбектер мен жарияланымдарды тиісті деңгейде пайдаланудың халықаралық іс-тәжірибесі, ғылыми қызмет барысында «зияткерлік қарақшылыққа» тыйым салудың жолдарына қатысты ойларын ортаға салатын болады.
Автор: Серік Жұмабай
Дереккөзі: alashainasy.kz