Ғылыми жаңалықтар

СҚО-да өнертапқыш өз жобасына небәрі 2 мың теңге жұмсаған

26.06.2014

6793

Ел аралауға шыққан инновациялық автобус сапарын Қызылжар өңірінен бастады. Мақсат – жас ғалымдардың тың бастамаларын қолдап, олардың жүзеге асуына қолдау жасау.
Солтүстікқазақстандық өнертапқыштар қонақтарға 30 шақты жоба ұсынды. Көзге түскендері республикалық байқауға жолдама алады, деп хабарлайды 24.kz.

Тоғызыншы сынып оқушысы Мәдина Әбділманова өз жобасына небәрі 2 мың теңге жұмсаған. Жел генераторы негізінен қолда бар заттардан жасалды. Құрылғы секундына 3 метр жел соқса болды, 5 вольт қуат береді.
"Мысалы, біздің ауылда жарық жоқ болған жағдайда осы құралды жетілдіріп, алынған энергияны өз қажетімізге жарата аламыз. Энергия тегін және экологиялық жағынан таза болып саналады", - дейді өнертапқыш Мәдина Әбділманова.
Инновациялық көрмеге 30 шақты жоба ұсынылды. Солардың тағы бірі – "ақылды" үй. Жел мен күннен қуат алатын баспана өз-өзін басқарады. Жарық өздігімен жанып, перделеріне дейін адам қолы тимей ашылады.
Үздік жобаны қомақты сыйақы күтіп тұр. Қолдау құралдарын әкімшілендіру орталығының басқарушы директоры Артем Возжаевтың мәлімдеуінше, бас бәйге – 7,5 млн теңге. Жеңімпаз бұл қаржыға өз жобасын жүзеге асыра алады. Басқа мақсатқа жұмсаса да өз еркі. Сонымен қатар аталмыш жобада инновациялық гранттар қарастырылған. Ең бастысы, тың идеялар аяқасты қалмау керек.
Өнертапқыштардың жобаларымен жіті танысқан автобус мүшелері қызықты дегендерін қағаздарына түртіп алды. Инновациялық көш Көкшетау қаласына жол тартты.

Дереккөзі: nur.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар