Ғылыми жаңалықтар

Қазақстан студенттері Татарстанның жетекші оқу орындарында тегін білім алады

26.06.2014

7124

Бүгін елордада Қазан ұлттық зерттеу-технологиялық университеті қазақстандық талапкерлерден тест алуды бастады. Сынақтан сәтті өткен талапкер бюджеттік негізде Ресейдің жетекші жоғары оқу орнына қабылданатын болады, деп хабарлады Қазақстандағы татарлар мен башқұрлар қауымдастығының баспасөз орталығынан.
«Бұл - біздің Қазақстандағы татарлар мен башқұрлар қауымдастығымен бірлескен екінші жобамыз. Өткен жылы да біз Астанаға келіп, тест алған болатынбыз. Ол кезде біздің университетке 23 адам түскен еді. Бұл ынтымақтастықты біз келесі жылы да жалғастыратындығымызға үміт артамыз», - деді ҚҰЗТУ ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінің деканы Алексей Гаврилов.

Ал Қазақстандағы татарлар мен башқұрлар қауымдастығының атқарушы директоры Ринат Абдулхаликовтың атап өтуінше, талапкерлер ҚҰЗТУ талаптары бойынша іріктелген.

«Елдің түрлі аймақтарынан 35 адам іріктеп алынды. Олардың арасында астана қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар. Айта кетерлігі, өткен жылы қауымдастық арқылы ҚҰЗТУ-ға Шығыс Қазақстан облысынан балалар үйінің 4 түлегі оқуға түскен еді», - деді ол.

Елордадағы балалар үйінде тәрбиеленген Вадим Якупов таяуда ғана Ұлттық дельфий ойындарында «Фотография» аталымында қалалық «Шаттық» байқауының қола жүлдесін иеленген болатын. «Тестілеуден сәтті өтемін деген үмітім бар», - дейді ол.

Тестілеу Қазақстандағы татарлар мен башқұрлар қауымдастығы мен еліміздегі Ресынтымақтастық өкілдігінің қолдауымен Ресей ғылым және мәдени орталығында өтуде. Бүгін талапкерлер математика мен орыс тілінен сынақ тапсырды. Ал ертең олар өздері таңдаған пән бойынша тестілеуден өтеді. Емтихан парақтар Қазанда тексеріліп, нәтижесі 1 аптадан кейін белгілі болады.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар