Қазақстанда геологиялық кластер құрылады. Бұл туралы бүгін V Халықаралық тау-кен металлургия конгресінде ҚР Индустия және жаңа технологиялар министрлігі геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев мәлім етті.
«Қолданбалы геологиялық ғылым мен кадрларды дамыту мақсатында Назарбаев Университетінің бастамасымен Қазақстанда геологиялық кластерді құру бойынша жоба жүзеге асырылады. Онда Тау-кен ісі мектебі, Жер туралы ғылым институты, сондай-ақ «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ- мен бірлесе Қазақстанның геологиялық зерттеулер орталығы элементтері қамтылады»,-деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, геологиялық кластердің қызметіндегі негізгі бағыттар ретінде аэроғарыштық зерттеулер, геология, гидрогеология мен геофизика, геохимия мен зертханалық жұмыстар, қорларды модельдеу мен есептеу, кен орнын зерттеу қаралады.
«Геологиялық кластердің құрылуы кен орнын зерттеу үшін кадрлық, технологиялық және ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалануға, ақпараттық технологияларды даярлау мен енгізуге, жаңа ғылыми идеяларға ықпал етеді»,-деп түйді Базарбай Нұрабаев.
Дереккөзі: inform.kz