Ғылыми жаңалықтар

ЕАЭО — ел экономикасын дамытудың кілті

02.06.2014

6016

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы үш ел арасындағы келісім-шарттың қабылдануының ұлттық экономиканың дамуына тигізер әсерін университет қызметкерлері арасында насихаттап, түсіндіруді мақсат еткен конференция өтіп, онда профессорлық-оқытушылық құрам бұл мәселеге орай өз пікірлерін білдірді.

Мұндай одақтың пайда болуы – Қазақстан, Ресей, Беларусь үшін тиімді және жемісті ынтымақтастыққа өзара пайдалы қажетті шарттар туғызады, әрі бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптасады. Алқалы жиында пікірлерін ортаға салған ғалымдар Елбасының осындай өзара ықпалдастыққа бастар бастамасына бірауыздан қолдау білдірді.

ТарМУ ректоры, педагогика ғылым-дарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков экономикалық одақтың, ең алдымен, қатысушы елдердің экономикасын көтеріп, жақсарта түсетіндігін, осы арқылы бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыратындығын сөз етті. Ал Еуразиялық экономикалық интеграцияланудың қазірдің өзінде ел экономикасының алға басуына оң әсерін тигізіп отырғанын айтқан Экономика және бизнес факультетінің деканы Е.Уркунчиев: «Экономикалық одақ құрудың негізгі мақсаттарының бірі қызмет көрсетудің ортақ рыногын қалыптастыру болып табылады. Келісімшартта бұл нарықтың одақ шеңберінде қалыптасуы да біртіндеп, сатылап жүзеге аса бастайды. Қазақстан дүниежүзінде 9-орын алатын Еуразия континентінде орасан зор территорияға ие, болашақтағы экономикалық әлеуеті үлкен мемлекет» деді. Конференцияда, сондай-ақ, магистрант Р.Тобаджанов «Халықаралық келісімшарттардың тарихи негіздері», стандарттау, ресторан ісі және қонақ үй бизнесі кафедрасының доценті У.Орынбаева «Еуразиялық экономикалық одақ – интеграцияның жаңа қадамы» тақырыптарында баяндамалар жасап, экономикалық интеграция әр мемлекеттің мүмкіндігін айтарлықтай күшейтетіндігін алға тартты.

Гүлжан РАХМАН,
«Ақ жол»

Дереккөзі: akjolgazet.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар