Өзектi

Дипломның саны емес, бiлiмнiң сапасы қажет

21.05.2014

6627

Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев.
Өткен аптада Мәжілісте «Техникалық, кәсіптік және білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлау» мәселесіне арналған парламенттік тыңдау өтіп , отандық білім беру жүйесінде атқарылар іс-шаралар талқыланған еді. Жиында қоғамның дамуына кедергі келтіретін өзекті мәселелер ортаға салынды. Осы орайда біз ұзақ жылдар Білім және ғылым министрлігінің Жоғары білім беру департаментін басқарған, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевті сөзге тартқан едік.

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, парламент­тік тыңдауда жоғары білімді мамандар дайындау мәселесі қызу талқыланды. Ендігі жерде бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар даярлауды қамтамасыз ету үшін қандай мін­деттер қолға алынбақ? Қазіргі күні екінің бірінің қалтасында екі-үш дипломнан жүр. Бірақ солар маман ретінде үлкен іс тындыра алады деп ойлайсыз ба?

– Бүгінгі таңда көптеген жұмыс беру­шілер жоғары оқу орындары оқытып шыға­ратын мамандар сапасына қанағаттан­бай­тындығы шындық. Бұл жөнінде Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» пар­ламенттік фракциясының басшысы Да­риға Назарбаеваның пікірімен келісуге бо­лады. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің күткен нәтижелеріне жауап бере алмайды және бүгінгі күнге нарықтық экономика талаптарына төтеп бере алмауда. Мұның себебін тереңнен іздеудің қажеті жоқ. Жұртқа мәлім Қазақстанның барлық жоғары білім беру жүйесін қамтитын ма­ңызды жасырын фактор жемқорлық деген бәле жегідей жеп тұр. Студенттер алатын білімнің мазмұнына емес, дипломға мәз болып, алған мамандықтарын санымен жа­рысқа түсіп жатқаны жағымды нәрсе деп кім айта алады.

Ендеше, жастардың арасында жаңа көзқарас қалыптастыруды қолға алу керек. Құр қағаз жоғары білім біліктілігін көрсете алмайды. Ертең маман болып еңбекке ара­ласу үшін дипломнан басқа жұмыс бе­ру­шілер, мемлекеттік емес ұйымдар және студент оқыған жоғары оқу орнының ұс­таздарынан құралған біліктілік комис­сия­сының қорытындысы керек болады. Сол кезде университеттегі уақытын босқа өт­кізген, терең білім алуға талпыныс жаса­маған талапкер жұмысқа орналаса алмай, жалақысы жоғары лауазымды иелене ал­май, бармағын тістейтінін ұғындыруы­мыз керек. Біз жастарға айтудан жалықпа­ға­нымыз жөн. Сонда дипломның санымен емес, білімнің сапасымен санасатын, сөз сайыстыратын емес, ой жарыстыратын кез келеді. Міне, осыны жақсылап ойлануымыз керек.

– Неге біз жастарды жұмысшы кадр­ларын, атап айтқанда, елімізге керекті сы­лақшы, құрылысшы, дәнекерлеуші, әрлеуші, ағаш ұстасы және т.б. мамандықтарды иге­руге бағыттамаймыз? Жұрттың бәрі тек қана жоғары білім алып, ертең жұмыс таппай жүр­месіне кім кепіл? Осы мәселе төңірегінде не айтар едіңіз?

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елімізді үдемелі индустриалды-иннова­ция­лы мемлекетке айналдыруға бағытталған 2020 жылға арналған арнайы бағдарлама қабылдағаны белгілі. Сіздің сауалыңыздың жауабын осы бағдарлама барысында баян­дауға болады. Біз шикізат әзірлейтін елден өндірістер ашып, өз өнімімізді тұтынуға шы­ғаратын толыққанды бәсекеге қабілетті ел болуымыз керектігін Елбасы әлденеше айтып келеді.

Міне, осы тұрғыда министрлік тара­пынан қозғалыс байқалатын сияқты. Тех­никалық және кәсіптік білім деңгейіне бай­ланысты жаңа бағдарламаларда үлкен міндеттер қойылған. Жұмысшы кадрлар даярлауда жұмыс берушілермен бірлесе атқарылатын бірыңғай іс-шаралар көздел­ген. Атап айтқанда, бітірушілердің білімі мен білігін айқындау үшін біліктілік жүйесі енгізілмекші. Біліктілікті айқындайтын ко­миссия құрамына оқу орнының қызметкер­лерінен басқа, жұмыс берушілер мен мем­лекеттік емес мекемелердің өкілдері кіретін болады. Маманның шын мәнінде, қай дең­гейде дайындалғанын айқындап, куәлік беретін алқалы органның жауапкершілігі де артпақ. Сонда ғана заманауи талаптардың деңгейінен табылып, еліміздің индустриа­ландыру саясатына кадрлар даярлау мә­селесін оң шешуге мүмкіндік туады.

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, Елбасының Жолдауында еліміздегі жетекші уни­вер­си­теттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіру міндетінің қойылуы да жоғары білім беру саласында ин­новацияны мықтап ендіру керектігін айқын­дамай ма?

– Жалпы, жоғары оқу орындары ара­сында бәсекелестікті арттыру үшін авто­но­мия беру – оларды қаржыландыру мәселе­сін шешумен тікелей байланысты. Дер­бестік алу арқылы университеттер инвестиция тар­туға, сұранысқа зәру мамандар даярлау мүмкіндігіне ие болады. Әлемдік тәжірибеде бұл қалыптасқан жағдай қатарына жатады. Атақты компаниялар, ірі кәсіпорындар ке­рек мамандарды университеттердің арнайы бағдарламалары негізінде, мақсатты түрде дайындауға араласады. Оқып жатқан сту­денттерді төменгі курстан бастап, өндіріс орындарында машықтанудан өтуіне мүм­кіндік жасап, яғни теориялық білімді прак­тикамен ұштастыруға жағдай жасалады. Университет бітірушілерінен дипломнан бөлек тәуелсіз біліктілік комиссиясы емти­хан алып, кәсіпке жарамдылығы туралы ше­шім қабылдайды. Комиссия құрамына өндіріс орнының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен жұмыс берушілер қауым­дас­тығы өкілдері, сондай-ақ университет тарапынан да мамандар тартылады. Яғни жұмыс берушінің тапсырысымен уни­вер­си­тет арнайы бағдарламамен маман даярлап беруге міндеттеледі. Тиісінше, универси­тет­тің стратегиялық дамуына кәсіпорын­-дар тарапынан қомақты қаражат бөлінеді. Ол материалдық-техникалық базаны же­тілдіруге мақсатты түрде жұмсалады. Міне, Елбасының университеттерге академия-лық дербестік беру керек дегені осы бағыт-қа арналса, ал басқарушылық дербестік кор­поративтік басқаруды енгізуді мін­дет­тейді. Бұл бағыт жоғары оқу орындарының Қамқоршылар кеңесі арқылы жүзеге асатын болады. Аталған кеңес құрамын бизнес өкілдері, жұмыс берушілер қауымдастығы, ата-аналар, қоғамдық ұйымдар, жергілікті атқару билік өкілдері мен университет про­фессор-оқытушылар құрамынан сайланған мандат иелері қалыптастыратын болады. Кеңес мүшелерінің құзыретіне универси­тет­тің стратегиялық даму жоспарын бекіту, бюджет қалыптастыру, ректорлардың ат­қарып отырған лауазымына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтау құқы сияқты функ­­циялар беріледі. Әрине, бұл ашық­тықты, өзін-өзі басқару тетіктерін, сайып келгенде, университеттер арасындағы бә­секелестікті орнату және сол арқылы білім беру мен білім бағдарламаларының сапа-сын арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік ту­дырады. Сонда ғана, жастарымыз жоғары білімді дипломы бар азаматтар қатарын көбейтіп қана қоймай, «Қазақстан – 2050» стратегиясында айқындалған еліміздің да­муына нақты үлес қосатын зәру мамандық­тар бойынша мамандық иелері атанатыны-на сенуге болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар