АСТАНА. ҚазАқпарат - Егер жүкті әйел көлік басқарса, авария ықтималдығы 1,5 есеге артады.
Канадалық ғалымдардың жүргізген зерттеу нәтижесі негізінде жасаған осындай тұжырымын Canadian Medical Association Journal жариялады.
Автомобиль жүргізетін 500 мың жүкті әйел арасында сауалнама жүргізген ғалымдар жүктіліктің қалыпты белгілері - әлсіздік, жүрек айну, ұйқының бұзылуы, қырағылық пен ден қоюдың төмендеуі аварияға түсу ықтималдығын арттыратынын анықтады. Ғалымдар 50 болашақ ананың біреуі жол көлік оқиғасына тап болатынын есептеген. Әрі жүктіліктің үшінші айында апат ықтималдығы 42 пайызға арта түседі екен.
Ер жүргізушілер мен әйел жүргізушілердің аварияға түсуі туралы ресми салыстырма деректер табылмады - бәлкім, ғалымдар нәзік жандыларды кемсітіп, айыптаудан тартынған болар. Алайда Ресейде пікір бір жақты: әйелдер ерлерге қарағанда көлікті ұқыпты және абайлап жүргізеді, бірақ экстремалдық жағдайларда, психикалық ерекшеліктерге орай, керісінше болып жатады. Ал, жүктілік бұл проблеманы күрделендіре түсетіні белгілі.
Дереккөзі: inform.kz