Өзектi

№272 ғылыми жаңалық

05.05.2014

6221

Кез келген ғылыми жаңалық мемлекетті алға жетелеп, өзге елдермен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септесетіні анық. Қазір елімізде ғылымды дамыту ісіне тиісті деңгейде көңіл бөлініп келеді. Тіпті ғылымның кейбір саласы бойынша қазақ ғалымдары дүниежүзілік деңгейде көш басында келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Сол себепті Қазақстанда ғылым дамудың даңғыл жолына түсті деп нық сеніммен айтуға болады. Таяуда техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Аширов Қазақ-Британ университетінде көпшілік қауымға ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға жәрдемдесетін ғылыми жаңалығын жария еткені біздің сөзімізді қуаттай түседі.


Қазіргі таңда дүниежүзінде азық-түлік қауіпсіздігі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Кез келген мемлекет үшін өз тұрғындарын сапалы тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету маңызды міндетке айналған. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында жиі айтып жүр. Әлемде адам саны жыл сайын өсуде. Сол сияқты керісінше, жер бетінде егістік көлемі мен тұщы судың қоры біртіндеп азайып келеді. БҰҰ-ның Халықаралық азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, қазір дүниежүзі елдері жыл сайын егін егуге жарамды 7 млн гектар құнарлы жерді жоғалтуда. Осы жайттан-ақ ауыл шаруашылығы саласының басына үйірілген қара бұлттың қаншалықты қауіпті екенін аңғаруға болады. Сол себепті дүниежүзінің дамыған елдері бұл мәселені ғылымның көмегімен реттеуге күш салып жатыр. Бұл істен Қазақстан да шет қалып отырған жоқ. Біздің бұл сөзімізге техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Ашировтің ашқан жаңалығы айқын дәлел бола алады. Өзінің ғылым саласындағы жаңалығымен бөліскен ғалым «№272 ғылыми жаңалық» деп аталатын ғылыми жұмысы ешқандай тыңайтқыш пен гербицидсіз ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 50 пайызға дейін арттыратынын алға тартты. Басқосуда Ә.Аширов бұл жұмыспен 1991 жылдан бері айналысып, жоғары нәтижеге қол жеткізгенін мәлім етті. Қазақстан ғалымының ауыл шаруашылығы саласына елеулі өзгеріс әкелген ғылыми жаңалығын Қазақстан, Ресей, Германия, Түркия, Тәжікстан және Украина елдерінің ғылыми-зерттеу институттары жоғары бағалап үлгерген. Тіпті кейбір ғалымдар биология саласындағы бұл жаңалығы үшін Нобель сыйлығын беруге лайықты екенін де айтып қалды. Аталмыш сыйлыққа ие болған шетелдік екі ғалым Ә.Ашировтің ғылыми еңбегінің мәні жайында ұсыныс хат жазып беруге әзір екенін де айтыпты.


Төрткүл дүниенің назарын аударған «№272 ғылыми жаңалық» ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымының белсенділігін арттырып, көп өнім алуға мүмкіндік туғызатындығымен ғылыми ортаның назарын аударып отыр. Бұл үшін тұқымды ғалым ойлап тапқан арнайы құрылғымен аз ғана уақыттың ішінде өңдеуден өткізіп алсаңыз жетіп жатыр. Жұртшылықпен кездесуде Ә.Аширов өзінің ғылыми жұмысын былайша түсіндірді:


– «Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында тұқымды өңдеп, мол өнім алудың түрлі әдіс-тәсілдері қалыптасқан. Айталық, химиялық жолмен яғни, органикалық заттармен өңдеу, физикалық-ультрадыбыстық өңдеу сынды бірнеше тәсілдер бар. Тұқымды өңдеудің бұл тәсілдері қоршаған ортаға зиянын тигізіп, тұқым сорттарының түрлі деградацияға ұшырауына кесірін тигізетінін білеміз. Мұндай өңдеуден кейін азық-түліктің сапасы біршама төмендейтіні жасырын емес. Сондықтан ауыл шаруашылығы ғылымы үшін тұқымды өңдеудің экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жаңа түрін ойлап табу маңызды болды. Өз басым ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын электрлі-магниттік толқын арқылы өңдеу ісімен ұзақ жылдан бері айналысып, оның маңыздылығына көз жеткіздім. Мен жасап шыққан электрлі-магниттік модулятор ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын 11 минуттың ішінде өңдеп шығады. Құрылғы қуаты 20 вольт (14 герц). Әдетте электрлі шамдар мен тұрмыстық техникаларға 220 вольт кернеу қажет. Ал біздің құрылғымыздың кернеуі әлдеқайда төмен. Осылайша, біздер тұқымның ішіндегі биологиялық өсімге зиянын тигізбейтін, қайта оның өсіп-жетілуін арттыратын электрлі-магниттік толқынды таңдадық. Ертеде адамзат баласы көктем шыққаннан кейін кез келген уақытта тұқымды егінді алқапқа себе салмаған. Олар күн нұры жер бетін қыздыруын күтті. Тіпті әр дақылды қай уақытта егудің арнайы кестесін де жасағанын білеміз. О баста осы жайттар маған айрықша ой салды». .Аширов ғылыми жаңалығына кіріспес бұрын Новосібірдегі астрофизикалық институты және Томскідегі ионосфера институтымен тығыз байланыс орнатып, олардан алған мәліметтерді компьютерде өңдеп, тұқым себудің кестесін қалыптастырып, сынақ жүргізген. Үш айға созылған сынаққа математиктер мен компьютердің тілін білетін мамандар қатысқан. Есептеулердің қорытындысы оң нәтиже берген соң, Ә.Аширов электрлі-магниттік толқындар арқылы ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымының биологиялық белсенділігін арттыру ісіне шындап кірісіп, бұған дейін болмаған жетістікке қол жеткізді.

Жиын барысында Ә.Аширов өзі ойлап тапқан құрылғы бидай, жүгері, қарақұмық, мақта, картоп, күріш тұқымының биологиялық белсенділігін оятып, мол өнім алуға жол ашатынын алға тартты. Осылайша, тұқымды өңдеудің тың тәсілінің арқасында шаруалар әдеттегіден 30-40 пайызға дейін жоғары өнім алып, мол пайдаға кенелген. Бүгінде қазақ ғалымының жаңалығына сырт елдер айрықша қызығушылық танытып жатқанын білдік. Кездесуде журналистер ғалымнан тұқымды электрлі-магниттік толқынмен өңдеудің адам денсаулығына зиянды-зиянсыздығына қатысы жайында да сұрады. Бұған ғалым:


– Бұл құрылғымен жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жылға таяп қалды. Осы уақыт аралығында балтырым сыздап, басым ауырған емес. Сондықтан құрылғы адамның денсаулығына ешқандай зиянын тигізбейді деп айта аламын. Әрине, мен бұл іске ғылыми негізде көз жеткізген жоқпын. Бірақ іс-тәжірибе барысында электрлі-магниттік модулятордың маған кері әсер еткенін бір рет болса да байқамадым, – деп жауап қайырды. Осы ретте мына бір жайтты да айта кетуіміз керек. Жаңа құрылғымен өңделген тұқым себілген егінжайға тиісті агротехникалық жұмыстар жүргізілген жағдайда өнімділік 50 пайыздан асатынына ғалым сынақ барысында көз жеткізген. Бүгінде ғалымның тың жаңалығын еліміздің астықты өңірлеріндегі жер емген шаруалар кеңінен пайдалана бастаған. Осылайша, Ә.Ашировтің «№272 ғылыми жаңалығы» ауыл шаруашылығында сапалы мол өнім алуға барынша жол ашып отыр. Алдағы уақытта ғалымның жобасына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті деңгейде көңіл бөліп, оны еліміздің барлық аймағында пайдалануға қолдау көрсетуі керек-ақ.

Нұрлан ЖҰМАХАН

«« | »»
Соңғы жаңалықтар