Еуразиялық ғылыми-зерттеу орталығын құру қажет – Ж. Құрманғалиева
Астана. 29 сәуір. Baq.kz – ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттiк университетiнде еуразиялық ықпалдасу тақырыбында дәрiс оқу барысында – бұл бір ғана елдің емес, бірнеше мемлекеттердің мүддесі үшін жұмыс істейтін ғаламдық ғажайып жобалардың бірі екендігін тағы да айғақтай түсті. Бүгін ОКҚ брифинг өткізген Еуразиялық ықпалдасу институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиева осындай деп ой айтты, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
- Елбасының кешегі оқыған дәрісінде ерекше бір тоқталып өтетін тұсы – Еразиялық ықпалдасу аясында өзара қарым-қатынасты тереңнен зерттеп, талқылайтын Еуразиялық ғылыми-зерттеу орталығын құру турасында айтқан ойы өте ұтымды болды. Бұл сала бір ғана біздің институтымызға тиесілі шаруа емес. Қазіргі кезде тұтас үш елдің мүддесіне сай келеді. Және болашақта бұл саланың зерттеу аясы кеңей түсуі әбден мүмкін. Яғни, Қырғыз елі мен Армения елдерінің Одаққа үміткер екендігін ескерсек, оның жүзеге аспай қалмасы анық, - деді ол.
Сондай-ақ, Жанаргүл Жанысбекқызының айтуынша, Н.Назарбаевтың осыдан нақ жиырма жыл бұрын оқыған дәрiстерiнiң арасында айырмашылық бар көрінеді.
- 1994 жылы Еуразиялық экономикалық одақ жобасы ұсынылса, кешегi дәрiс Еуразиялық экономикалық одақтың болашақ 15-20 жылына арналған нақты жоба-ұсыныстары болып табылады, - дедi ол.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Суретті түсірген – Азат ЕСЕМБЕКОВ
Дереккөзі: baq.kz