Ғылыми жаңалықтар

Республика бойынша мектеп жасындағы балалардың тек 23 пайызы ғана қосымша біліммен қамтылған - Ә. Бимендина

30.04.2014

5463

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республика бойынша мектеп жасындағы балалардың тек 23 пайызы ғана қосымша біліммен қамтылған. Бұл туралы бүгін Астанадағы Оқушылар сарайында Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы кезінде депутат Әсима Бимендина айтты.
«Республика бойынша балалардың 23 пайызы қосымша білім беру үйірмелерімен қамтылу деген өте ойландыратын мәселе. Өйткені балалар мектептен кейінгі бос уақытын өзінің келешек өміріне қажет білім жинаумен өткізуі тиіс. Өздеріңіз білесіздер, осы Оқушылар сарайында 10 мыңға жуық балалар 109 түрлі үйірмелерден қосымша білім алып жатыр. Сонымен қатар, қалада М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайы, түрлі музыкалық мектептер бар. Бұлардың барлығы оқушылардың мектептен тыс кездегі уақытын тиімді пайдалануға таптырмас орындар», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, мұндай мекемелер облыстарда, аудандарда көптеп салынса, балалардың бос уақытын тиімді реттеуге мүмкіндік береді.

«Бүгінгі отырыста көтеріліп отырған мәселелердің бірі - әр қалада қосымша біліммен қамтылған балалардың санын 60-70 пайызға дейін көтеру мәселесі болып отыр. Егер ондай көрсеткішке қол жеткізсек, ата-аналар да балаларының келешегі үшін алаңдамайтын болар еді», - деп атап өтті Ә. Бимендина.

Айта кету керек, «Қосымша білім беру жүйесінің жағдайы, оның балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытудағы мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жайы және олардың бос уақытын ұйымдастырудағы рөлі» тақырыбында өткен шараға Мәжілістің вице-спикері Дариға Назарбаева мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлері, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Автор: Әбу-Асқар Мекешұлы

Дереккөзі: www.inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар