Ғылыми жаңалықтар

Алматыда БҰҰ-ның «Жаңа жібек жолы» моделі конференциясы өтеді

30.04.2014

5628


АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық университеті АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығымен және Бірікен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы ақпарат бюросымен бірлесіп, 1-3 мамыр күндері «Жаңа жібек жолы» БҰҰ моделі конференциясын өткізеді.
Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Конференцияға Орталық және Оңтүстік Азияның сегіз мемлекетінен 200-ден астам келешек көшбасшылар Алматыда жиналып, жалпы қауіпсіздік, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді талқылайды. Форум өкілдері Ауғанстандағы жағдайды, халықаралық есірткі айналымын, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, сөз бостандығы мен дін бостандығы мәселелерін қарастырады.

Конференцияның ашылу рәсімі 1 мамыр күні Қазақ ұлттық университетінің жаңа кітапханасы ғимаратында өтеді. Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші және Қазақстаннан БҰҰ-ға алғашқы тұрақты өкіл болған жоғары мәртебелі Ақмарал Арыстанбекова және басқа да жоғары лауазымды БҰҰ және дипломатиялық корпус өкілдері конференцияның ашылу салтанатына қатысады.

Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасында көне заманнан қалыптасқан әлеуметтік, мәдени және геосаяси арақатынастар әлі күнге дейін мықты. Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың маңызын баса көрсете отырып, өңірдің келешек көшбасшылары арасындағы байланысты нығайту мақсатында, конференцияға Орталық және Оңтүстік Азия студенттерімен қатар Алматы мен Бішкекте оқитын ауған студенттері шақырылды.

«Алматы Қазақстанның қаржы және мәдени астанасы, Орталық Азияның экономикалық қозғаушы күші, әрі Жаңа жібек жолының ортасында орналасқан. Жаңа жібек жолында орналасқан елдер арасындағы байланысты нығайту үшін ұйымдастырылған конференцияны Алматының Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы сауда-саттық қатынасындағы ерекше орнын ескере отырып, осында өткізу нәтижелі болады деп сенемін», - деді АҚШ Бас консулы Тереза Гренчик.

Бұл іс-шара арқылы өңірдің жас көшбасшылары өзара танысып, қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бүкіл Орталық және Оңтүстік Азия университеттерінің студенттері конференцияға қатысу арқылы өңірдегі жоғарғы білім саласындағы ынтымақтастық нығая түседі.

Дереккөзі: www.inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар