Қарағанды облысының білім басқармасы смартфон немесе планшет арқылы мамандық таңдауға мүмкіндік беретін бағдарлама ойлап тапты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасы заман көшінен қалмау үшін «Мамандықтар навигаторы» атты мобильді қосымша ойлап тапты. Ол арқылы оқушы өзіне қажетті мамандықты таңдай алады. Сонымен қатар мұнда тест тапсыруға да мүмкіндік бар. Қажетті оқу орнының мекенжайын, телефондарын анықтап, профессорлық-оқытушылық құраммен таныса алады. Және таңдаған оқу орнындағы мамандықтар тізімі мен оқуға түсу үшін қажетті құжаттардың ретін, қанша грант бөлінгенін, ақылы оқудың құнын және т.б. қажетті ақпаратты үйден шықпай-ақ ала алады.
Мобильді қосымша офлайн режімінде жұмыс істейді. Демек оны өзіңізге жүктеп алсаңыз болғаны. Барлық ақпарат ұялы телефонның жадында сақталады. Содан кейін кез келген уақытта пайдалана аласыз.
«Оны құрастырудың басты мақсаты – кері байланыс», - дейді білім басқармасындағылар. Қолданушылар қажетті ақпаратты ала отырып, білім басқармасының мамандарына мониторинг жасауға көмектеспек. Басқарма осы арқылы қандай мамандықтың сұранысқа ие, қанша оқушы жатақханада тұруға ниетті екенін және т.б. көптеген ақпараттты біле алады.
Мобильді қосымшаны құрастыруға 2 ай уақыт кеткен. Алдағы уақытта идея авторлары қосымшаның тізіміне қазақстандық оқу орындарының барлығын енгізбек. Әзірге мұнда тек облыстағы колледждер берілген. Жақын арада облыстағы жоғары оқу орындары туралы да ақпарат енгізіледі. Қазір компьютер мен ноутбуктерге арналған нұсқасын шығару үстінде. Демек енді смартфон немесе планешетті пайдаланушыларға ғана емес, барлығына бірдей қолжетімді болмақ.
Бүгінгі таңда қосымшаны 200-ден астам адам көшіріп алған. Бағдарлама әрқашан жаңарып отырады. Алдағы күндері мемлекттік тілдегі нұсқасы да шығарылады деп жоспарлануда.
Дереккөзі: bnews.kz