Ғылыми жаңалықтар

ДУБЕКТІ ДҮЙІМ ЖҰРТ НЕГЕ БІЛМЕЙДІ?

07.04.2014

6088

Ертең — геологтар күні. Кен байлықтарының көзін тауып, ғұмырын тау мен тасты кезіп өткізетін геологтың еңбегін қандай өлшеммен өлшеуге болатыны әлі күнге дейін өз бағасын ала алмауда.
Геология деген де, бүгінгі ұрпақтың көз алдына алдымен Қаныш Сәтбаев келетіні де рас. Ал Бетпақдаланы алтын далаға айналдырған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің екі рет иегері атанған Дубек Дүйсенбековті бұрынғы аға буын геологтар болмаса, кейінгілер тани бермейді.

Геология ғылымы саласының белгілі ғалымдары мен қоғамдық қайраткерлер Ақбақай алтын кенішін ашқан, одан басқа алтын қорын бауырына басып жатқан 100-деп аса кен көзін тауып беріп кеткен Ду­бек Дүйсенбековке Ақбақайдан ескерткіш орнатып, «Халық қаhарманы» атағын беру керектігі жөнінде мәселе көтеруде. «Ай­қын» газеті Дубек Дүйсенбек жайында өткен жылы бірнеше рет жазды. Газет бетінде көтерілген мәселе қоғам арасында үлкен қозғалыс тудырып, жас геологтар Дубек ағамыздың кен іздестіру, барлау барысындағы әдістерін пайдаланып, бү­гінгі геология факультетінде оқып жатқан студенттерге дәріс өткізудің маңызы зор болар еді деген ұсыныстарын да жеткізді.

Биылғы жыл басында Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу өткен жылдар материалдарын зерттеп, оқып-үйрену негізінде жүзеге асырылуы керектігін айта келе, 14 ақпаннан бастап «Пайдалы кен қазбалары аптасын» өткізудің қолға алын­ғанын тілге тиек еткені есімізде. Алғашқы апталық «Алтын аптасы» деп аталыпты. Сонымен бірге, биыл пайдалы қазбалар ту­ралы 8 анықтамалық шығару да жоспар­ланып отырған көрінеді. Бұл жоспарларға Бетпақдаланы алтын далаға айналдырған атақты геолог Дубек Дүйсенбекұлының жұмыс істеу әдістері ене ме, жоқ па, ол жағынан шынын айт­қанда, хабарсызбыз.

Билік басында отырған басқарушы­лар мен геология саласының басшылары атақ­ты геологқа тиесілі ескерткішті ор­нату мен «Халық қаhарманы» атағын беру ұсы­нысын алдағы уақытта жүзеге асыру мүм­­кіндіктерін қарастырады де­ген сеніммен, өз ойларын ортаға салған Дүй­сенбековтің бірге қызмет істеген әріп­тестері мен геология саласының ғалым­дары, дәл қазір оның Алматыда тұрған пәтері орналасқан үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта да орнатылмағанын айтып, өкініш білдіруде. Алматы қалалық әкім­шілігінің құлағына алтын сырға дей отырып, әкімшіліктің назарын қарт геологтар мен ғалымдардың өті­нішіне аударғанымыз да жөн болар.

Қарапайым ғана қоңыр тірлігімен өмір­ден өткен геолог Дубек Дүйсен­бекұлы­ның ел үшін жасаған еңбегінің ұшан-теңіз екен­дігіне анықтамалықтарда жазылған «Ақбақайдың ашылуы – Тюмень мұнай-газ және Якутиядағы алмаз кеніштерімен иық тірестіре тұратын ғасыр жаңалығы болды» деген бір жол сөйлемнің өзі-ақ дәлел. «Құс ұшса, қанаты күйеді, аң жүрсе, тұяғы күйеді» деген атауға ие болып, өлі дала есептеліп келген Бетпақдаланы ал­тын далаға айналдыру, егер сол жылдары Дубек секілді табанды да, жанкешті патриот геолог болмағанда, Бетпақдала әлі күнге дейін бұрынғы атағымен қала бе­рер ме еді деген ой келеді. Оның себебі де бар. «Айқын» газеті ол жайында жазған да болатын. Естеріңізге сала кетейік: алтын іздеп, барлау жүргізген геологиялық партиялар Бетпақдаланы эрозияға ұшы­раған, онда кен болуы мүмкін емес деген диагноз қойып кетеді. Тек геолог Дубек Дүйсенбекұлы ғана өзінің зерттеулері мен жүргізген есептеулері және интуиция­сы­ның алдамайтынына сенді. Солай, жұмыс тоқтатылсын, босқа шығын шығарып қа­жеті жоқ деген басшылардың сөзіне тоқ­тамастан, геологиялық барлау-іздестіру партиясы кетіп қалса да, қасына өзіне сенім артқан бірнеше геологты қалдырып, зерттеуін жалғастырып отырады. Соның нәтижесінде әлемдегі ең ірі алтын қоры бар – Ақбақай кеніші жарқ етіп ашылып, әлем­ді тамсандырды. Еліміз дүниежүзін­дегі алтын қоры мол аймаққа айналды. Ол жөнінде кезінде «Голос Америки» жар салды.

Ақбақай алтын кенішінің ерекшелігі сонда – кейбір алтын өзектері кейде бір тонна рудадан алты келіге дейін алтын беретіндігінде. Ал қатардағы өзектер бес грамнан 20 грамға дейін өнім береді екен. Алтын қорына бай деген Африкадағы кеніштердің бір тонна рудадан алатыны 3 грамнан айналады. Осының өзі мемлекет үшін рентабельді болып есептеледі. Бүгін­де Ақбақайдың кенішін алу күрделіленіп кетті деген ақпараттар жиі-жиі естіліп қа­луда. «Айқын» газетінде жазылған жай­тар­ды тағы да естеріңізге сала кетейік: «Ақба­қай­дың» алтыны көлбеу орналасқан. Бұр­ғыны әуелі біраз жерге дейін тік салып, көлбеу бағытқа қарай бұру керек, оның бұл технологиясын ескермесек, алтын өзегінен адасып қалуымыз мүмкін. Сон­дықтан да Ақбақайда тәжірибелі, жер қабаттары қойнауын жақсы білетін мықты геологтар еңбек етуі тиіс» деген болатын Дубек Дүйсенбекұлы».

Дубек Дүйсенбекұлының кен іздес­тірудегі есептеулері мен әдістерінің бүгінгі студенттерге аса қажеттігін айтқанда, жас геологтар осындай ерекшеліктерді негізге алған болуы керек деп ойлаймыз. Қа­ра­пайым геолог көзінің тірісінде бас пай­дасын ойламақ түгілі, алтынның орта­сын­да жүріп, балаларына бір көлік те мінгізе алмаған, оның есесіне келер ұрпақ үшін Қазақстанның алтыны әлі бес ғасырға жетеді деген болжам жасап, оның біразына белгі соғып, картаға түсіріп беріп кетті. Енді сол картаны халық игілігіне жарата алатын геологтар болса игі деген ойға келесіз. Мамандығы бойынша геолог, белгілі ақын, қайраткер Олжас Сүлей­менов «Айқын» газетінде «Австралиялық инвесторлар кезінде Ақбақайда ашқан зауыттарына Дубек деген ат беріп, «Зауыт Ақбақай алтын кенішін ашқан Дубек Дүйсенбековтің құрметіне аталды» деген қола тақтайшаны іліп қойды. Біз, геологтар клубының мүшелері біздің әріптесіміз Дубек Дүйсенбековтің есімін мәңігілік есте қалдырудың австралия­лықтардан кем түспейтіндей формасын тауып, жүзеге асыруды ұсынамыз» деп өз ойын айтқан болатын.

Ертең – геологтар күні. Елінің пат­риоты, білгір геолог Дубек Дүйсен­бекұлының аруағына тағзым етіп, оның елі үшін жа­саған еңбегінің лайықты ба­ғасын мем­лекет, үкімет басшылары берер деген сенім бар. Ел патриотын басшылар баға­лағанда ғана, жас ұрпақ патриот-тұл­ға­лар­дың еңбегі шын мәнінде баға­ла­натынына көз жеткізіп, соларға қарап бой түзейді.

Дерек көзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар