Ғылыми жаңалықтар

ОҚО оқушылары республикалық пәндер олимпиадасында үздік атанды

31.03.2014

3909

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан облысында өткізілген пән олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, аталмыш білім білгірлері додасына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты.

Шымкент қаласында өткен бұл олимпиадада қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы «Ең үздік нәтиже көрсеткені үшін» І орынмен және «Ең үздік олипиадалық команда-2014» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстаннан қатысқан 51 оқушы жалпы 33 медаль жеңіп алды.

Бес күнге созылған республикалық білім сайысына еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан жалпы саны 560 оқушы қатысты. Оңтүстік Қазақстан облысының намысын аудан, қала және облыстық кезеңдерде озық атанған 51 оқушы қорғады.

Аталған жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының оңтүстікте өткізілуі бекер емес. Оңтүстік оқушылары екі жыл қатарынан аталмыш білім сайыстарынан ІІІ орынды және «Үздік олимпиадалық мектеп», «Үздік олимпиадалық команда» аталымдарына ие болып келді. Өңір оқушыларының осындай жетістіктерін ескерген министрлік республикалық пән олимпиадасын Шымкент қаласында өткізуді жөн санады.

Білім сайысында еліміздің беделді жоғары оқу орындарының білікті ұстаздары қазылық етті. Олимпиада барысында оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті, орыс мектептеріндегі қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ мектептеріндегі орыс тілі және Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын, неміс, француз тілдерінен өз білімдерін сарапқа салды.

Источник: Inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар