АСТАНА. ҚазАқпарат - Америка ғалымдары сүт безі обырының алдын алуға шабдалы жемісінің тигізер пайдасы өте зор екендігін анықтады. Олар жүргізген зерттеу қорытындыларын Journal of Nutritional Biochemistry басылымында жариялаған.
Сүт безі обыры батыс жарты шарда әйелдер арасында өте кең тараған қатерлі аурулардың бірі болып есептеледі. Америка онкологиялық қауымдастығының айтуынша, былтыр АҚШ-та 230 мың сүт безі обыры ауруы тіркелген екен, деп жазады шетелдік БАҚ.
Техас университетінің ғалымдары бірнеше жыл бұрын шабдалы мен алхорыдан бөлінетін полифенол сүт безі обырының қатерлі ісік жасушаларын жоятындығын ғылыми түрде дәлелдеген. Ал жаңа зерттеу кезінде мамандар тәжірибеге тышқандарды қатыстырды. Зерттеушілер алдымен тышқан терісінің астына сүт безі обырының қатерлі жасушаларын имплантациялады. Ал біраз уақыт өткен соң шабдалы сығындысын қолданған.
«Тәжірибе барысында анықталғандай, шабдалыны күнделікті тағам рационына қосу арқылы біз сүт безі обырының алдын аламыз және емдей аламыз», - деп қорытындылады профессор Луис Сиснерос-Зеваллос.
Источник: inform.kz