Ғылыми жаңалықтар

Ядролық қалдықтан да табыс табуға болады

28.03.2014

5396

Қазіргі қоғамда екіұдай пікір тудырып тұрған бір мәселе бар. Ол – ядролық қалдықтар жайы. «Өзге елдің ядролық қалдықтарын қабылдасақ, оның пайдасы мен зияны қандай болмақ?» деген мәселе.

Біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әділхан Әбілдаевты әңгімеге тартып, осы мәселенің мән-жайын қаузап едік.

– Бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша 1500-ден астам ядролық реактор жұмыс істейді. Олардың жартысынан көбі сүңгуір қайықтарда, мұз жарғыш кемелерде, мұ­хиттардағы платформаларда орналасқан. Қалғаны – құрлықтағы стационар атом электр стансалары. Мемлекеттер бойынша есептесек, АҚШ-та 100-ден аса, Франция-да – 59, Англияда – 36, Германияда – 30, Ресейде – 29, Бельгияда – 6, т.с.с.

Атом электр стансаларынан шығатын энергияның үлесі жылдан-жылға арта бер­мек. Себебі атом электр стансасы – жер бетіндегі тіршілікті – шаруашылық, тех­ника, индустрияның барлық түрін энер­гиямен қамтамасыз ететін негізгі энергия көзі. Энергия көзінің басқа түрлерінің үлесі күннен-күнге азая бермек. Ендеше, атом электр стансаларының саны жыл санап көбейе беруі – өмірдің талабы. Олардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету күнделікті өмір салтына айналып келеді. Осыған сәйкес атом электр стансалары­-ның бір ырғақпен үзіліссіз жұмыс істеуіне кедергі болуы мүмкін құбылыстардың бәрі жойылып, реакторлардың жұмысына ке­ңірек жол ашылатыны бүгінгі күнде ешбір күмән туғызбайды. Міне, осындай кедергі­лердің бірі қазірден-ақ анық көріне бастады. Ол – реакторлардан шығатын радиоактив­тік қоқыстарды көметін орынның тапшы­лығы. Бұл мәселе бүгінгі күнде-ақ Еуропа ел­дерінде сыр бере бастады. Келешекте ол елдердің атом электр стансаларының тоқ­таусыз жұмыс істеуіне үлкен кедергі жасары айтпаса да түсінікті. Әңгіме мынада: әрбір реактор жоба бойынша белгілі бір уақытқа есептеліп, орнатылады. Сол уақыт өткеннен кейін ол жұмысын тоқтатып, консерва­ция­лануы керек. Себебі жоба бойынша реак­тор­мен бірге салынған көмбе толды. Ал кон­сервациялануға тұрған реактор өз жұ­мысын тоқтатқан күннен бастап тек қаржы тұтынатын, еш пайда бермей, тек қана ысы­рап жасайтын нысанға айналады. Ол ны­сан­ды не сатуға, не демонтаж жасап, ор­ны­на басқа нысан тұрғызуға болмайды. Нысан тек ядролық реактор ретінде ғана жұмыс істеп, пайда келтіре алады. Ал оның тоқ­тамай жұмыс істей беруі үшін одан шыққан қоқысты көметін орын қажет. Жоба бойын­ша өзімен бірге салынған көмбе толып тұр. Оған артық қоқыс сыймайды. Ал реактор­дың маңайында жаңа көмбе салатын орын жоқ. Болған күнде өте қымбат. Еуропа ел­дерінің көбінде бұл жағдай қазірдің өзінде-ақ көріне бастады. Осыдан он шақты жыл бұрын Германия, Франция «Біздің реактор­лардан шыққан радиоактивтік қоқыстарды қабылдап, өз жерлеріңізде көміңіздер» деп Қазақстанға қолқа салды. Қазақстандық кә­сіпкерлер Парламенттен Еуропа елдері­нің радиоактивтік қоқыстарын қабылдап алуды сұрап өтініш білдірді. Парламент ол өтінішті қанағаттандырмай тастады. Қана­ғаттандырмағаны да дұрыс болды. Өйткені ол кезде кәсіпкерлер радиоактивтік қо­қыс­ты көму ережесінен еш хабарсыз еді. Олар «Шетелден келген қоқысты еліміздегі терең жыраларға немесе кезінде уран қазылып алынған шахталарға төге саламыз да, қы­руар ақшаға белшемізден батамыз» деп ойлады. Ал реактордан шыққан қоқысты кез келген сайға немесе ескі шахтаға төге салуға болмайды! Реактордан шыққан әр­-бір тетіктің аты-жөні, яғни төлқұжаты бар. Төлқұжатында фото суреті бар. Ол тетіктің бар-жоғын МАГАТЭ (Международное агенство по атомной энергии) кез келген уақытта тексереді. Жүз жыл өткеннен кейін «Сіз пәленінші жылдың, пәлен күні, пәлен хаттама бойынша Германияның «Гамбург 2» реакторынан шыққан нөмірі 001272345 инені сақтауға қабылдап алған екенсіз. Сол иненің төлқұжатын және өзін көрсетіңіз деп талап ете алады. Егер қабылдап алған жақ, яғни сол инені және сонымен бірге басқа да бір эшелон қоқысты кезінде қа­былдап алып, содан соң оларды терең сайға төгіп тастаған Қазақстан жағы инені де, басқа қоқысты да көрсете алмасы айдан анық. Нәтижесінде біз дүниежүзі алдында қарабет болып, кінәні мойынымызға алудан басқа амал қалмайды. Абырой болғанда, Парламент депутаттары көрегендік жасап, құтылмас даудан басымызды аман алып қалдық.

Дүниежүзін әсіресе, ядролық реактор­лары бар Франция, Англия, Германия сияқ­ты елдерді мазалап отырған мәселе – реактордан шыққан радиоактивтік қоқыс­ты көметін орын табу. Ондай орынның аталған елдердің өзінен, тіпті Еуропадан табыла қоюы екіталай. Қазір дүниежүзі аласұрып, қоқысты қабылдап алып, барлық ережеге сәйкес көме алатын ел іздеп жатыр. Егер ондай жер табылмаса, істеп тұрған реак­торлар бірінен кейін бірі жұмысын тоқтатайын деп тұр. Олар жері кең, адам саны аз Қазақстан сияқты елдерге, атап айт­қанда, Африканың, Оңтүстік Америка­ның кейбір елдеріне хат жазып, келіссөздер жүргізуге дайын екенін хабарлап жатыр. Бүгінге дейін ешбір ел келісімін бермек түгіл, келіссөз бастауға да құлқын білдіре қойған жоқ. Себебі халықтың бойын үрей билеген.

Сонда қоқысты қабылдап, оны көму соншалықты қауіпті әрекет пе? Осы мәсе­леге аздап тоқталайық: ядролық реактордан шыққан қоқыс деген не? Гетерогенді реак­торлардан шыққан қоқыстар, негізінен, қат­­ты дене болып келеді. Олар 3 түрге бөлі­неді: біріншісі – жанып бітпеген, яғни шала жан­ған ядролық отын. Басқаша айтқанда, уран таблеткалары. Бұл қоқыс таблетка­лар­ды дайындап сатқан жерге, сол ыдысында, сырт қарағанда еш өзгерісі жоқ қайта­ры­лады. Оны арнайы зауыттар қайта өңдеп, қайта байытып, кондициясына жеткізіп, дәл сондай ыдысқа салып қайта сатады. Бұл қоқыс еш уақытта көмбеге көмілмейді. Оның ескі радиоактивті ыдысы ғана көмі­ле­ді. Ол ыдысты ядролық реактор емес, ядро­лық отынды өңдеуші зауыт босатып береді. Екіншісі – реактордың белсенді аймағынан шыққан әртүрлі тетіктер, при­борлар, нейтрон ағынын өлшейтін, темпе­ра­тураны өлшейтін, судың жылдамдығын, бірінші контурдың қысымын өлшейтін тір­кегіштер, бойында ақауы бар су жүретін түтіктер, басқарушы және апаттық графит діңгектер, нейтрон шағылдырушы кадмий, бор, бирилийден жасалған туырлықтар (пластинкалар), т.б. Бұл аталған заттардың өзі екіге бөлінеді. Біріншісі – ол заттар реак­тордың белсенді аймағында тұрғанда нейтронмен соққылаудың салдарынан белсендендіріліп, соның нәтижесінде ра­диоактивтік белсенділігі ұзақ уақытқа тым жоғары болып қалатын заттар. Екіншісі – белсенділігі алғашында жоғары болғанымен бір айдың ішінде тез ыдырап, белсенділігін жоғалтып алған заттар. Міне, осы қоқыстың соңғы екі түрі көмбеге жөнелтілуі керек. Осы заттарды көмуге қабылдап алған жақ қабылданған заттардың шып-шырғасын шығармай көмбеге орналастырып, олардың ешбірі жоғалып кетпей, пішінін, механи­ка­лық, жылулық, электрлік, оптикалық, қыс­қаша айтқанда, барлық физикалық қасиет­терін өзгертпей сақталуын өз мойнына ала­ды. Тексеруші орындардың талабы бойынша кез келген уақытта затты көрсетіп, физикалық қасиеттерінің сақталғанын дәлелдеп, радиоактивтік белсенділігін өл­шеп көрсете алатын болуы керек. Бұл көр­сетілген әрекеттерді іске асыру үшін қа­был­даушы жақ өткізуші жақпен келісімшартқа отырып, өткізуші жақтың қаржысына 100-150 жылға жететіндей етіп көмбе салуы керек.

Ал көмбе дегеніміз не? Ол – 100-200 метр тереңдікте салынатын сарай. Оның ішінде зат бірқалыпты температурада, ыл­ғалдықта тұруы қажет, яғни сарай жылы­тылады, вентиляциямен қамтамасыз еті­леді. Сарайдың іші әртүрлі пішіндегі сө­релермен, ұяшықтармен жабдықталады. Әр тетіктің өз орны болады. Қоқысты ор­наластыру, шығару, көрсету белгіленген қатаң тәртіппен іске асырылады. Қоқысты тасымалдау, сөрелерге орналастыру, жос­пар бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу адамның қатысуынсыз роботтардың көме­гімен, автоматтандырылған бағдарлама бойынша компьютер арқылы іске асы­ры­лады. Адам ешқашан қоқыс салған контей­нерге жақындамайды, оны қолымен ашып-жаппайды, бәрін роботтар істейді. Қоқыс көмілген сарайдың маңында ғылыми- зерт­теу институттары, реакторға қажетті тетік­тер дайындайтын зауыттар, халық тұ­ты­натын тауар шығаратын, оны өңдейтін фабрикалар болады. Көмбенің арқасында оның маңында жарты миллионға жуық адам тұратын қала салынады. Ел қоныс­тан­ған мекенге тән барлық инфрақұрылым – мектеп, балабақша, емхана, аурухана қыз­мет істеуі керек.

Қоқысты қабылдаған елге оның тигізер пайдасы мен зияны туралы сөз қозғалық. Себебі қоқысты қабылдау үшін бұл екеуі ең басты мәселелер. Зияны: Егер қоқыс ере­жеге сәйкес қапталып, тасымалданып, қа­был­данып, сөрелерге қойылып, жоспарлы тексерулер уақытында жүргізіліп, сақтау ережелері мүлтіксіз орындалатын болса, онда қоқыстан қоршаған орта да, оның ма­ңайындағы халық та, қоқыспен жұмыс іс­тей­тін қызметкерлер де ешбір зиян шек­пейді. Қысқасы, зияны жоқ. Пайдасы: 250-300 мың адамды тиянақты жұмыс ор­нымен, жоғары жалақымен қамтамасыз етеді. Заманға сай лайықты өмір салты қалыптасады. Соның арқасында халықтың хал-ахуалы, денсаулығы жақсарып, орташа өмір жасы ұзарады. Ең бастысы – еліміздің интеллектуалдық деңгейі жоғарылайды, жауапкершілік артады. Келісімшарттарды сауатты жасауды үйренеміз, ғылыми, тех­никалық, технологиялық, индустриялық сауат­тылығымыздың деңгейі көтеріледі. Көмбеде пайдаланылатын автоматиканың, робототехниканың, нанотехнологияның өн­дірістің басқа түрлеріне енуі жеңілдейді.

Міне, осындай ешбір зияны жоқ, шеті көрініп тұрған пайдадан айырылып қалмас үшін ертерек қамданып, радиоактивтік қоқысты басқа елдер иемденіп кетпей тұр­ғанда қармап қалу керек. Лажы болса, дү­ниежүзінде қоқысты көметін мамандан­ды­рылған жалғыз ел болуға ұмтылуға тиіспіз. Қоқысты брендке айналдыруымыз қажет. Осы мақсатта бізге бөгет болатын бір-ақ құбылыс бар. Ол – радиоүрей (радиофобия). Үрейден арылу оңай емес. Полигондардың зардабын тартқан елге радиоактивтік қоқыс деген сөздің өзі керемет үрей туғызатыны белгілі. Бірақ қоқыс – полигон емес. Ядро­лық реактор – атом бомбасы емес. Ол бас­қарылатын ядролық процесс. Басқа­ры­ла­тын дүние әрқашан бақылауда болады. Ба­қыланатын процестен зиян келмейді.

aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар