Өскеменде 13 пен 20 наурыз аралығында жаратылыстану-математика бағыты бойынша мектеп оқушылары арасында республикалық олимпиада өткізіледі.
Республикалық олимпиада осымен оныншы жыл қатарынан Өскеменде өткізіліп келеді.
Білім додасына 9-11 сыныпта оқитын 700 шәкірт қатысады деп күтілуде. Олар өз білімдерін математика, физика, химия, биология, информатика мен география салалары бойынша дәлелдемек. Сынақ екі турдан тұрады: теориялық және тәжірибелік.
15 наурызда олимпиаданың бірінші кезеңі, 16 мен 17 наурызда екінші кезең өтеді. География пәнінің тәжірибелік кезеңі Е.Славский атындағы жағалауда өткізіледі. Ал химия пәнінің екінші кезеңі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ зертханасында өтеді деп жоспарланған.
Сондай-ақ, республикалық жарысқа келген оқушылар «Шығыс-Тур-Драйв» туристтік базасына барып, қала аралап, театр, музейлерді тамашалайды.
ШҚО Білім басқармасының жетекшісі Асқар Нұрғазиевтің айтуынша, соңғы жылдары шығысқазақстандық оқушылар республикалық жарыстарда бірінші орындардан көрініп келеді. Биылғы олимпиадаға облыстан 52 оқушы қатыспақ. Статистикаға сүйенсек, Назарбаев университетінің әрбір үшінші студенті ШҚО-дан.
Мәлімет көзі: baq.kz