Неміс және америкалық ғалымдар алдағы мезгілде адамзатқа қауіп төндірген тұмау вирусын анықтауға мүмкіндік беретін модель ойлап тапты, деп жазады Газета.ру.
Жыл сайын тұмаудан әлем бойынша жарты миллионға жуық адам көз жұмады. ДДСҰ соңғы 60 жылдың ішінде тұмау вирустарының өзгеріп отырғанын, ал оған қажетті вакциналардың аурудың алдын алуда қауқары жеткіліксіз болып отырғанын айтуда.
Осыған орай Кельн университетінің профессоры Михаэль Лэссиг Колумбия университетіндегі әріптесі Марта Лукшамен бірігіп, тұмаумен ауырғаннан кейінгі талдау негізінде тұмау вирусының дамуын көрсететін модель ойлап тапты. Қос ғалым бұл жаңалықты Nature журналында жариялаған. Сондай-ақ Михаэль Лэссиг пен Марта Лукша А вирусының даму бағытын Дарвин әдісімен (айрықша бейімделген түрткілеу) бақылауға тырысқан. Атап айтқанда, зерттеушілер 1994 жылдан 2012 жылдың аралығындағы вирустың өзгеру алгоритм есебін құрастырып, нәтижесінде өз модельдерін жасаған. Аталмыш есептік көрсеткіштердің қорытындысы ДДСҰ мамандарының болжамынан қарағанда нақты нәтиже бергенін көрсетті.
Ғалымдардың пайымынша, бұл модель жылдам дамып жатқан патогендерді болжауда да пайдалы бола алады және ауруды дер кезінде жеңетін вакцинаны жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен, жаңа модельді қолданысқа енгізбес бұрын жақсылап тексерістен өткізу керек. Бұл әдіс тек алдағы маусымға ғана болжам жасай алады. Өйткені, вирус түрлері қарқынды өзгеріп келеді.
Мәлімет көзі: inform.kz