Еліміздің ғалымдары халықаралық ғылыми журналдарға өз еңбектерін жариялап, мәліметтер базасындағы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндіктері артатын болады.
Бұған «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының» әлемдегі ең ірі Scopus бірыңғай рефераттық мәліметтер базасын пайдалану мүмкіндін арттыру үшін Elsevier B.V. компаниясымен уағдаласқан арнайы келісімі себепші болмақ. Келісім кейін қазақ ғалымдары «Қазақстандық ғылыми журналдарды халықаралық ақпарат ресурстарына енгізу: мәселелер мен оларды шешудің жолдары» деген тақырып төңірегінде ой өрбітті. Шараға Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Құсайынова, Еlsevier компаниясының төрағасы Йонгсук Чи, «ҰҒТАО» АҚ президенті Әділ Ибраев, ЖОО ректорлары мен ҒЗИ директорлары, елімізде ғылыми журналдарды жарыққа шығарып жүрген ғалымдар қатысты. Elsevier B.V. компаниясы мен «ҰҒТАО» АҚ арасындағы келісім отандық ғылыми, білім беру ұйымдары мен қауымдастықтарға Elsevier компаниясының бірегей электронды ақпараттық ресурстарын пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар елімізде ғылыми-техникалық қызмет пен ғылымды қажетсінетін экномиканы дамыту үшін нақты жағдай жасайды.
Еlsevier компаниясының төрағасы Йонгсук Чи екіжақты келісімнің маңызын былайша түсіндірді: «Біз Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты алдағы уақытта нығайта түсеміз. Бүгін келісімшартқа қол қойдық, бұл үлкен мүмкіндіктер алып келеді. Бұл – Elsevier компаниясы мен Қазақстан арасындағы ұзақмерзімді стратегияның алғашқы баспалдағы. Нәтижесі алдағы 10-15 жылда нақтылана түседі».
Президент Н.Назарбаев «ғылымды дамыту үшін ең басты қажеттілік ақпаратқа қол жеткізу» деген болатын. Elsevier өзінің кең ауқымды мәліметтер базасына Қазақстанның енуіне мүмкіндік беріп отыр. Мәліметтер базасының мақсаты – Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосу, яғни Қазақстанда жүргізіліп жатқан зерттеулер шетелдіктермен ұқсас болса, екі елдің ғалымдарын кездестіру, ғылыми жобаны әрі қарай бірге жалғастыруға мүмкіндік беру. Сонымен қатар ғалымдар әлемдегі ғылыми жаңалықтардан хабардар болып, өздерінің көлемді, жаңалығы бар еңбектерін халықаралық журналдарда жариялай алады. Біздің компанияның мәліметтер базасына қол жеткізген кез келген елдің ғылыми зерттеулерінің белсенділігі артатындығы дәлелденіп отыр».
Еlsevier компаниясы бүгінде Ұлыбритания, Ресей, Бразилия, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия сынды мемлекеттермен ғылыми байланыс жандандыруда. Тарихы 1570 жылдан басталатын компания бүгінде 30 миллионнан астам ғылыми қызметкерлер мен жас ғалымдарға қызмет көрсетеді. Аталмыш компаниямен Қазақстанның байланысы 2012 жылдан басталады. Дәл сол жылы «ҰҒТАО» АҚ-ы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Elsevier B.V. компаниясымен келісімге келіп, еліміздегі ғылыми мекемелердің Science Direct ғылыми мәлімет қорындағы толық мәтінде ғылыми жұмыстарды пайдалану мүмкіндігіне ие болған еді.
– «Мұнай және газ» журналын жарыққа шығарып жүрген академик Нәдір Нәдіров елімізде жарық көретін журналдардың сілтемесін арттырып, оқылымды ету үшін халықаралық талаптарға сай жұмыс жасау қажеттігін атап өтті.
– Елбасымыз дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді мақсат етіп қойғаны белгілі. Дамыған елдердің сапына енудің бір сатысы – әлемнің ғылым кеңістігіне кірігуі. Елімізде шығып жатқан ғылыми журналдарды тек өзіміз ғана оқимыз, шетелдіктер оқи алмайды. Сол секілді біз де шетелдің ғылыми журналдарын оқи алмаймыз, не жазып, нені талқылап жатқанынан хабарымыз аз. Бүгінгі екіжақты келісім қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Ендігі мәселе ғылыми мақаланы талаптарға сай жариялау. Қазақстанда жарық көретін журналдар безендірілуі жағынан әлсіз. Мақаланың, аннотациясы дұрыс жазылмайды немесе тақырыбы мен мақала мазмұны сай келмей жатады. Онлайн сайттарға мән беріп, ағылшын тілінде шығатын мақалаларды тізімге енгізуіміз керек. Осы айтқан кемшіліктерді есепке алсақ, қазақ ғалымдарының еңбектерін шетелге таныстыру қиын болмас еді, – дейді академик Нәдір Нәдіров.
Еркін ҚАЛДАН.
Мәлімет көзі: aikyn.kz