Ғылыми жаңалықтар

Геологиялық зерттеулер орталығын құру туралы меморандумға қол қойылды

21.02.2014

3968

Бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінің қабырғасында ҚР ИЖТМ «Қазгеология» АҚ мен «Nazarbayev University Research and Innovation System» ЖМ арасында еліміздің геологиялық зерттеу орталығын құру жайлы меморандумға қол қойылды.
Аталмыш жоба Мемлекет басшысының елімізде геологиялық кластерді дамыту жайлы тапсырмасына сәйкес қолға алынып отыр.

«Геологиялық кластер - білім беру, ғылым мен геологиялық өнеркәсіптік саланы біріктіретін байланыс болып есептеледі. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында геология саласын дамытуға тапсырма берген болатын. Бұл экономика секторының негізгі бағыттарының бірі. Ал, бүгінгі келісілген меморандум осы Елбасымыздың халыққа Жолдауында айтылған мәселелерді іске асырудағы қадам болып саналады. Отандық геологияны қайта жаңғырту жоспары жүзеге асады деп сенемін», - деді Президент көмекшісі Ербол Орынбаев.

Меморандумның мақсаты - Геологиялық орталық құру арқылы республикамыздың және алыс-жақын шетелдерінің минералдық, көмірқышқыл су шикізаты, геохимиялық, минерологиялық, тәжірибелік-өндірістік, тәжірибелік, қатты пайдалы қазбаларды қолдану аясында ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

Қазіргі таңда Назарбаев Университетінде геологиялық негізгі элементтерді құру бойынша жұмыстар жүргізіліп, кешенді геологиялық пайдалы қазбаларды қолдану бағдарламасы құрастырылып жатыр.

«Бастамаға сәйкес, «Назарбаев Университеті» жанында Инновациялық зияткерлік кластер құрылады. Оның негізгі бөлігі ғылыми парк болмақ. Ғылыми парк геология, биомедицина және т.б. салалардағы неше түрлі ғылыми техникалық кластерлерден тұрады. Оған елу гектар жер бөлінді. Бүгінгі күні түрлі зерттеулер, талдаулар жасау үшін миллиард теңге бөліп, мамандарымызды шетелге жібереміз. Ал, егер өзімізде инновациялық технологияларды меңгерген маман даярлап, зертхана ашатын болсақ, бұл қаржы шетке емес, өз елімізге құйылатын болады. Геологиялық материалдарды өңдеуге бөлінетін қаржы шығындары мен уақытты айтарлықтай қысқартады», деді «Nazarbayev University Research and Innovation System» ЖМ бас директоры Қанат Байғарин.

«Қазгеология» АҚ-ның хабарлауынша, ғылыми парктің ең басты жобасы геологиялық кластер болып табылады. Қазірдің өзінде Колорадо тау ісі мектебімен келіссөз жүргізілген.

Мәлімет көзі: baq.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар