Ғылыми жаңалықтар

Қазақстан мен Куба білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

20.02.2014

4011

10-14 ақпанда Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалымова бастаған қазақстандық делегация Кубада сапарда болды.
Қазақстандық-кубалық келіссөздер нәтижесінде, Ә.Ғалымова және Кубаның Жоғары білім министрі Родольфо Аларкон Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Куба Республикасы Жоғары білім министрлігі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Куба ҚР Білім және ғылым министрлігі Латын Америкасы аймағында осындай келісім бекіткен бірінші елге айналды, деп хабарлады Қазақстанның Кубадағы елшілігінің баспасөз қызметі.

Гаванаға сапар барысында қазақстандық делегация сондай-ақ «Университет-2014» атты XI Жоғары білім мәселелері бойынша халықаралық конгреске қатысты. Бұл іс-шараға жалпы 56 елден 2900 адамнан астам қатысушылар келді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Бразилия, Уругвай, Эквадор, Доминикан Республикасы, Ангола, Никарагуа және т.б. елдердің білім министрлері және вице-министрлері қатысуымен өткен жалпы отырыста сөз сөйледі.

Форум алаңында Ә.Ғалымованың Кубаның Мемлекеттік кеңес төрағасының бірінші орынбасары Мигел Диас-Канелмен және конгреске қатысқан делегациялар басшыларымен, соның ішінде Білім, мәдениет, көптілдік және жастар мәселелері бойынша Еуропалық комиссар Андрулла Василиумен, Білім мәселелері бойынша ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Киан Тангпен, Доминикан Республикасының Жоғары білім, ғылым және технологиялар министрінің орынбасары Рафаэль Гонсалеспен және т.б. екіжақты кездесулері өтті.

Сонымен қатар, сапар барысында қазақстандық ректорлардың Гавана Университеті және Кубаның басқа да жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесулері болды. Соның нәтижесінде, Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Кубаның жоғары политехникалық институты арасында ниет хаттамасына қол қойылды. Аталмыш құжат екі жақ үшін пайдалы ынтымақтастықты дамытуға, атап айтқанда, оқытушылар және студенттермен алмасу арқылы қазақ, испан, орыс тілдерін үйрену және оқыту саласында өзара іс-қимыл орнатуға бағытталған.

Мәлімет көзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар