МӘСЕЛЕ АҚШАДА ЕМЕС...
Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауында ауылшаруашылық кешенін дамытуға басымдық берді. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
– Агроөнеркәсіп кешені Қазақстан экономикасын дамытуда негізгі әрі болашағы зор сала болып табылады. Дүниежүзі бойынша халық санының өсуі қабілеті азық-түлік экспорттауға жететін мемлекеттердің мерейін үстем етіп отыр. Айы оңынан туып тұрған елдердің қатарында біз де бармыз. Дәл қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік қолдаудың түрлі тәсілдері қарастырылуда. Арнайы бағдарламалар мен жобалар әзірленіп, қаржыландырудың көлемі көбейтілуде. Статистикалық деректер саланың тұрақты дамуын, өнімділіктің артқанын және сырттан мол инвестиция тартылып жатқанын көрсетіп отыр. Десек те, ауыл шаруашылығы экспортының құрылымына қатысты өзекті мәселе бар. Біз сыртқы сауда көлемі ұлғайған сайын тауардың бағасы өсетінін, соған сәйкес экспорт құрылымына өзгеріс енгізілуі тиіс екенін ескермей отырмыз.
– Мәселені шешу үшін не істеу керек?
– Қазақстанда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігі әлемдік нарықтағы өнімдердің барлығымен бірдей бәсекелесе алмайды. Себебі ауыл шаруашылығындағы бәсекеге қабілеттілік деңгейі өнім өндіруде қолданылатын технологиялар арқылы бағаланады. Бұл – біздің өнімдердің бәсін арттыру үшін ауыл шаруашылығы саласын ғылыми-инновациялық тұрғыда жаңғырту керек деген сөз. Мақсатқа жету үшін сала мамандары агротехнологияны жаңартып, елімізге жаңа сұрыптар мен будандарды әкелуді жалғастыра берулері қажет. Нәтижесінде, елімізде аграрлық зерттеу жүйесі қалыптасады. Президент биылғы Жолдауында осының барлығын назарға алып, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру арқылы аграрлық ғылымды дамытуды және сынақ түрінде аграрлық-инновациялық кластерлер құруды тапсырды. Енді уақыт оздырмай, іске кірісу керек.
– Инновация саланың бәсекеге қабілеттілігін қаншалықты көтереді?
– Сізге түсінікті болу үшін ауыл шаруашылығының әлемдік іс-тәжірибесінен бірнеше мысал келтірейін. Қазақстанмен салыстырғанда, Австралияда бидайдың өнімділігі екі есе көп. Мұның құпиясы неде деп ойлайсыз? Австралия ауылшаруашылық саласы бойынша әлемдегі ең үздік ғылыми-зерттеу жүйесін қалыптастырып, биотехнологияны үздіксіз дамыту арқылы сұрыптың сипаттамасы бойынша ерекше түрлерін жасауға қол жеткізді. Жуырда Квинсленд университетінің ғалымдары дәстүрлі әдіспен сұрып жасауға жұмсалатын 15 жылды қысқартып, небәрі екі жарым жылдың ішінде бидайдың жаңа сұрпын ойлап тапты. Австралиялықтар агротехнология мен селекция саласындағы толайым табыстарына инновация арқылы жетіп отыр. Олардың аграрлық ғылымдағы ілкімді ізденістері әлемдік азық-түлік нарығында дәурен құруға ұйытқы болуда.
Мал шаруашылығы саласына тоқталатын болсақ, АҚШ, Франция, Канада мемлекеттері ірі қара малдың сапасын арттыру ісін шетелден асыл тұқымды мал әкелу жолымен емес, тұқымдық құрамға геномдық сұрыптау жүргізу арқылы шешіп жатыр. Олар генотиптің ерекшелігімен танысқаннан кейін әр малдың әлеуетін төл кезінен бастап арттырып отырады. Ал табынның асыл тұқымды құндылығын жедел көтеру үшін жаңа репродуктивті технология қолданады. Кейін будандастыру арқылы өздері қалаған табынды қалыптастырады.
– Заманауи тәсілдерді қолданып, нақты нәтижеге қол жеткізгендердің көрсеткіші қандай?
– Франция геномдық сұрыптау арқылы соңғы 20 жылда сүттің көлемін бір сиырға шаққанда жылына 1,5 есеге арттырды. Олар нәтижелерін еселеп қана қоймай, сүттің сапасын бұрынғысынша сақтап қалды. Нидерландияның жер көлемі Алматы облысының бестен бір бөлігіндей ғана болса да, жылына экспортқа құны 50 млрд АҚШ долларын құрайтын ауылшаруашылық өнімін шығарады. Бүгінде бұл ел дүниежүзі бойынша АҚШ-тан кейінгі орындағы экспортер саналады.
– Таңдай қақтыралық дерек екен. Мұның сыры неде?
– Нидерландияда жеке ауылшаруашылық министрлігі де жоқ. Алайда олар жоғарыдағыдай дәрежеге жетіп отыр. Себебі мемлекет Вагенинген зерттеу университетімен тығыз байланыс орнатқан. Оларда ауыл шаруашылығы саласының көкейкесті мәселелерін шенеуіктер емес, ғалымдар шешеді.
Вагенинген университеті ұлттық агроинновациялық кластер ұйымдастырудың жемісті құрылымы болып табылады. Оны Нидерландияның «Азық-түлік алқабы» деп атап, АҚШ-тың танымал Силикон алқабымен салыстырады. Аталмыш орталықтың кешеніне ғылыми-зерттеу институты, технопарк және Вагенинген университеті біріктірілген.
– Өте қымбат жоба секілді ғой...
– Бұл жерде мәселе ақшада емес, тиімділікте. Осыған дейінгі зерттеулер ауыл шаруашылығын тікелей инвестициялағаннан гөрі аграрлық ғылымға қолдау көрсеткен әлдеқайда ұтымды екенін көрсетті. 1992 жылдың өзінде Канада ғалымдары ауыл шаруашылығын зерттеуге жұмсалған әр доллардың көбею көрсеткіші 40 долларға тең екенін дәлелдеген. Ауыл шаруашылығы мықты дамыған мемлекеттердің барлығы аграрлық ғылымды дамытуға басымдық береді. Олардың ғылымы мемлекеттің саясатымен біте қайнасады. Бізде де осылай болуы керек.
– Қалай ойлайсыз, біз ауыл шаруашылығы саласын зерттеуге түбегейлі бет бұра аламыз ба?
– Дәл қазір бұл сала тұтқасы жоқ шабаданды еске түсіреді. Лақтыруға қимайсың, қолдана да алмайсың. Ауыл шаруашылығы саласының екінші тынысын ашу үшін бюджеттен бөлінетін қаржының көлемін ұлғайтса жеткілікті деп ойлауға болмайды. Осындай ой болатын болса, алысқа бармаймыз. Қазақстанның аграрлық ғылымын ұйымдастыруға өзгеріс қажет. Біз ауыл шаруашылығын зерттеу бойынша әлемнің жетекші мемлекеттерінен қалып келеміз. Күні бүгінге дейін білікті мамандарымызды, біртұтас ғылыми бағыттарымызды жоғалтып алдық. Олқылықтың орнын толтыру үшін ғылыми мекемелер құруымыз керек. Бұл мәселені біз өз күшімізбен шеше алмаймыз. Сондықтан Назарбаев университеті секілді әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен бірлесе отырып, дарынды жастарымызды ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға тартуға тиіспіз.
– Ауыл шаруашылығы саласына Назарбаев университетінің тәжірибесін енгізу мүмкін бе?
– Әрине, қазіргі уақытта аграрлық ғылым мен жоғары білімді ұйымдастырудың оңтайлы тәсілі – зерттеу университеттері болып тұр. Зерттеу университеттері инновацияларды тәжірибеде қолданатын және саланы технологиялық модернизациялауды жүзеге асыра алатын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Австралия мен Нидерландияда аграрлық ғылымды зерттейтін университеттер өте көп. АҚШ, Канада, Ұлыбритания мемлекеттері осы салаға қатысты жоғары оқу орындарының санын көбейтіп жатыр. Біз де осындай қадамға баруымыз керек. Сонда аграрлық зерттеу университеттері Қазақстандағы жаңа агроинновациялық кластердің өзегіне айналады.
– Өзіңіз басқарып отырған жоғары оқу орны жаңа агроинновациялық кластердің орталығы бола ала ма?
– Әрине. 2013 жылдың мамыр айында өткен шетел инвесторлары кеңесінің отырысында Президент бізге нақты тапсырма берді. Соны орындау мақсатында біз Қазақ агротехникалық университетін аграрлық зерттеу университетіне айналдыруға кірістік. Қазір қолда бар күштің барлығын оқу ордамызды шын мәнісіндегі агроинновациялық кластер орталығына айналдыруға жұмылдырып жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Қанат МАХАМБЕТ
Дереккөзі: www.aikyn.kz