Алматыда өткен «Энергия, су және химия» атты III Халықаралық жиында ең басты мәселе ретінде әлемдегі су тапшылығы жан-жақты талқыланып, ғалымдар мен мамандар өз ойларын ортаға салды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұйымдастырған жиынға арнайы шақырылып, мәртебелі мейман ретінде сөз алған ресейлік ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Руслан Хамизовтың айтуынша, қазіргі күні ауызсу мәселесі ғаламдық проблемаға айнала бастады. Дамыған елдердің өзінде су тапшылығының біртіндеп байқала бастауы – осының айғағы.
– Қазіргі кезде Еуропаның озық өнеркәсіпті дамыған елдерінің өзі мейлі ауызсу болсын, мейлі өнеркәсіпте пайдаланылған су болсын, анағұрлым ыждаһаттылықпен барынша үнемдеуге көшті. Батыстағы бірқатар елдер өнеркәсіп салаларында немесе іргелі кәсіпорындарда пайдаланған қалдық судың өзін өндірістік тәсілмен қайта тазалап, күнделікті кәдеге жаратуда. Бір қарағанда, бұл ерсі болып көрінуі мүмкін. Алайда шынайы шындық осы! Сондықтан қазірден бастап суды үнемдеуді қолға алмасақ, күні ертең кеш болатыны ақиқат. Осы жағынан алғанда, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық акционерлік компаниясы ұйымдастырып отырған бүгінгі жиынның тек Қазақстан үшін ғана емес, әлем елдері үшін маңызы айрықша. Сондықтан да бүгін біздер Ресейден, Ұлыбританиядан, АҚШ-тан және басқа да бірқатар елдерден келген ғалымдар осында қазақстандық әріптестерімізбен бірге ғаламдық су, энергия және химия проблемасын талқылаудамыз. Мен – қазақстандық әріптестеріммен бірге ұзақ жылдан бері су проблемасының түйткілдерін терең әрі жан-жақты зерттеп жүрген ғалыммын. Қазіргі күні әлем ғалымдары да, біздің ресейлік мамандар мен қазақ ғалымдары да өнеркәсіпте қолданылған қалдық суларды өндірістік жолмен тазалап, екінші қайтара пайдалану мәселесін жіті зерттеуде. Бұл бағытта бірқатар шетелдерде жүзеге асырылған суды екінші қайтара тазалау әдісі назар аударарлық. Мысалы, біз өз елімізде өндірістік суларды тазалаудың жаңа технологиялары мен әдістерін пайдалана отырып, тамаша жетістіктерге қол жеткізудеміз. Бұл тұста қазақстандық ғалымдармен қоян-қолтық жұмыс жасаудың болашағы зор. Мысалы, біз қазақстандық химик-ғалымдармен бірлесіп, Үлбі стансасында өндірістік суды екінші қайтара тазалап, пайдаланудың жолдарын талқылып қана қоймай, осындағы озық технологиялармен жан-жақты таныстық. Рас, Қазақстанда дәл қазір көп жағдайда су тапшылығы соншалықты сезілмеуде. Десек те, ғаламдық проблемаға айналуы мүмкін ауызсу мәселесін шешуге қазақстандық әріптестерімнің қазірден бастап алаңдаушылық білдіруі мені қуантады. Себебі әр нәрсенің алдын алған адамның ұтатыны ақиқат. Әйтпесе, бәрі кеш болады. Жалпы, осы жиында айтылған сан алуан пікірлерді сарапқа сала отырып, оған қатысушылар су проблемасын болдырмаудың алғышарттарын жасап, әлемдік қауіптің алдын алуға күш жұмсамақпыз, – дейді ресейлік ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Руслан Хамизов.
Ал «Инновациялық технологиялар институты» ЖШС директоры, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Серік Қожахметов өзінің баяндамасында осы заманғы жаңа тұрпаттағы «Смарт рудник» сипатындағы кеніштерді құрудың пайдалы тұстарымен қатар, өндірістік суды қайта тазартып, пайдаланудың түйткілді мәселелеріне кеңінен тоқталды.
– Кең шалқар далада еркін өмір сүрген ата-бабаларымыздың сол бір заманда «судың да сұрауы бар» деп ұрпағына өсиет қалдыруы тегін болмаса керек. Бәлкім, олар алдағы ғасырларда судың тапшылығы сезілуі мүмкін екендігін сол кездің өзінде сезіне білсе керек. Бүгінде Қазақстанда су қорлары жеткілікті. Құдайға шүкір, еліміз өзен-көлге, бұлақ суларына кенде емес. Бірақ әлем елдерінде су, әсіресе, ауызсу тапшылығы сезіле бастаған бүгінгі күні біздер – ғалымдар орын алуы мүмкін қиындықтардың жолдарын шешуді осы бастан ойластырғанымыз абзал. Менің айтарым, су проблемасын шешуге әрбір қазақстандық атсалысуы тиіс. «Сонда қалай?» дейсіз ғой... Мысалы, қазір еліміздің қай түкпіріне барсаңыз да бей-берекет ағып жатқан суды байқаймыз. Меніңше, әрбір аймақ немесе ауылдық округ басшысы ертеңгі күнін ойлап, су атаулының бей-берекет рәсуа болуына жол бермеуі тиіс. Бұл – бір! Екіншіден, әрбір пәтер немесе жекеменшік тұрғын үйдің тұрғындары құбыр арқылы келіп жатқан суды барынша тиімді, рәсуасыз пайдалана білгені жөн. Бұл – суды үнемдеудің басты жолы. Әйтпесе ТКҚ-дан (ЖКХ) алынған мәліметке жүгінсек, кез келген қалада жыл сайын сан миллиондаған текше метр су ысырап болады екен. Ал бұл дегеніңіз – мемлекеттік бюджеттен есепсіз қаржының шығын болуы деген сөз. Сондықтан әрбір тұрғын осы мәселені жан-жақты әрі мұқият зерделегені жөн. Әйтпесе күні ертең сан соғып, қиналып қалуымыз әбден мүмкін, – дейді Серік Қасымұлы.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
Дереккөзі: aikyn.kz/