Ғылыми жаңалықтар

АДАМ СЕРГІТЕТІН САҢЫРАУҚҰЛАҚ

06.02.2014

4066

Алматылық зерттеуші-ғалымдар адам ағзасын анағұрлым жасартып, ғұмырын ұзартатын дәрумен тапты. Оның авторы – Қазақ өсімдік қорғау және карантиндеу ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Абай Сағитов.
Бір қуаныштысы, қазақстандық ғалым тапқан жаңалықты әлем ғалымдары «ғасыр жаңалығына» балап отыр. Сөйтсек, бұл жаңалық Іле Алатауының шынар биік қойнауынан табылған кордицепс саңырауқұлағына байланысты екен. Қырық алты жылға жуық уақыт биология ғылымымен, оның ішінде, өсімдік зерттеу және қорғау саласымен айналысып келе жатқан көрнекті биолог-ғалым, профессор-академик Абай Оразұлы Сағитовпен ашық-жарқын әңгіме барысында адам ғұмырын ұзартатын кордицепс саңырауқұлағының ХХІ ғасырда өзге елде емес – тәуелсіз Қазақ елінде табылуы және қазақ ғалымы оның авторы екендігі мақтанатындай жағдай. Өйткені қазақстандық ғалымның баға жетпес жаңалығы қазірдің өзінде алты құрлықтың барша ғалымдарының назарын өзіне аударуда.
Кордицепстің ерекшелігін ежелден білетін, бірақ қолдарына түсіре алмай жүрген әлемнің әр шалғайындағы мүйізі қарағайдай биолог-ғалымдарды айтпағанның өзінде, Американың, Германияның, Польшаның, Оңтүстік Кореяның, Қытайдың әлемге танымал шетелдік ғылыми-зерттеу институттары қазірдің өзінде Абай Оразұлы басқаратын мекемемен тығыз қарым-қатынас орнатуға сәт сайын ұсыныс білдіруде. Сонда бұл саңырауқұлақтың кереметтігі неде?

Кордицепсті шығыстың тамаша ғұламасы Конфуций де тиімді пайдаланған. Тіпті жеке гаремдерінде бір мың, екі мыңға жуық тұтқын қыз-келіншектерді ұстаған Қытай императорлары да өз заманында саңырауқұлақтың осы түрін қолданған екен. Олар өздерінің күнделікті ас мәзірінде кордицепс саңырауқұлағы қосылған тағамдарды арнайы дайындатқан. Мұның себебі, кордицепстің айрықша қасиеті ол адамның жігіттік қарым-қабілетін анағұрлым күшейтеді. Ең бастысы, кордицепс саңырауқұлағын «тілін тауып» пайдаланған адамның кем дегенде 150 жыл жасайтыныдығын қазақстандық ғалымдар дәлелдеп отыр.

– Кордицепс саңырауқұлағы өзге саңырауқұлақтар тәрізді кез келген аймақта өсе бермейді. Ол таудың биік шыңында тамырын терең бойлатып өседі. Негізгі мамандығым өсімдіктерді қорғау және зерттеу болғандықтан мен тауды, орман-тоғайды аралауға әуеспін. Сондықтан қай аймақта болсам да ең алдымен, сол өңірдегі өсімдіктерге айрықша назар аударамын. Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын алғаш рет кордицепс саңырауқұлағын Іле Алатауының теңіз деңгейінен үш мың метр биіктігінде кездестірдік. Сөйтіп, әлгі саңырауқұлаққа алуан түрлі ғылыми-талдау һәм зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл іске биология ғылымының кандидаты, институт директорының орынбасары Бақытжан Дүйсенбеков, биотехнология бөлімінің меңгерушісі, ғылым кандидаты Әлібек Успанов сынды ғалым-зерттеушілер зор үлес қосты. Сөйтіп, арада төрт жылдан соң, әлгі саңырауқұлақтың кордицепс екендігі толық анықталды. Оның ең басты артықшылығы – кордицепс адамның мерзімінен бұрын қартаймауына, қан қысымының қалыпты болуына, адам ағазасында кездесетін алуан түрлі ісіктерді, сары ауруды емдеуде өте тиімді. Тіпті ол бүйрек-бауырды, жүрек-қан тамыры, сусамыр, тыныс алу жолдары, асқазан, жүйкенің жұқаруы т.б. ауруларды емдеуде таптырмайтын дәрумен. Сондай-ақ саңырауқұлақтың бұл түрін адам ағзасында тромбоциттер мен лейкоциттер жетіспеген жағдайда, радиотерапия мен химиятерапия салаларында кеңінен пайдалануға болады. Кордицепс саңырауқұлағының ауруға мың да бір ем екендігін сонау ғасырларда шығыстың тамаша ғұламасы Конфуций де жақсы білген және оны өз ғұмырында тиімді пайдаланған. Тіпті Қытай императорлары да саңырауқұлақтың осы түрінің адамға тигізер пайдасы зор екендігінің куәсі болған, – деп Абай Сағитов өзі тапқан саңырауқұлақтың кереметтігін қызықтыра әңгімеледі. Әңгіме үстінде Абай Оразұлына: «медицинаның фармацевтика саласында жаңадан жасалған дәріні ең алдымен, зерттеуші-ғалым, яғни автор міндетті түрде өзі пайдаланып, оның нәтижесін нақты таразылайтын жақсы дәстүр бар. Сонда, мына, сіз кордицепс саңырауқұлағын пайдаланып көрдіңіз бе? Егер пайдалансаңыз, нәтижесі қандай?» – деген сауалды көлденең тарттық.

– Өмір болған соң ауырмайтын жан болмайды. Жасыратын несі бар, мен көп ауырған адамның бірімін. Осыдан біраз жыл бұрын бауырым да, бүйрегім де, асқазаным да сыр беріп, әбден мазамды алған-ды. Ол аздай сары ауырудың «С» деген түрі де «жабысты». Тіпті жүрегімнің де мазасы болмай, ақыр соңы «шунтировние» жасаттым. Дәрігерлер көп жүрмеуге, көбірек демалуға, жүйкемді шаршатпауға ақыл-кеңес берді. Сол жылдары тіпті ұмытшақ та болдым. Алайда, өзім тапқан кордицепс саңырауқұлағын пайдалануымның нәтижесінде, өмірге қайта оралдым десем болады. «Өмірге қайта оралдым» дейтінім, мен жас кезімнен жылқыны жақсы көрдім, содан соң Алатаудың ойлы-қырлы беткейінде тау шаңғысымен сырғанау ермегім болатын. Ауырған соң оның бәрінен қол үздім. 200-300 метр жерді жаяу жүрсем ентігіп қалатын едім. Алдымен Аллатағаланың арқасында, одан соң өзім тапқан кордицепс саңырауқұлағының ем-домы нәтижесінде, мен өмірге қайта келдім. Бұл – мақтанғаным немесе кордицепсті жарнамалағаным емес, шындығы осы. Жасырып қайтейін, биыл алпыс тоғызға аяқ бастым. Құдайға шүкір, аптасына бір рет ініммен бірге Іле Алатауының бұйрат-бұйрат жоталарынан тау шаңғысымен сырғанап, сергимін. Қызметтен қолым босай қалса, Талғарға барып, атқа мініп, бірнеше сағаттап тау-тоғайда серуендеймін. Міндетті түрде күніне он-он бес шақырым жаяу жүріп, қан таратамын. Бұл кордицепс саңырауқұлағының нәтижесі, – деді.

Академик Абай Сағитов кордицепс саңырауқұлағынан адамның ғұмырын ұзартатын йогурт ойлап тапты. Ол адамның мерзімінен бұрын қартаймауына, қан қысымының қалыпты болуына, ағзадағы алуан түрлі ісіктерге, сары ауруға қарсы тұрады. Бүйрек, бауырды, жүрек-қан тамыры, қант диабеті, тыныс алу жолдары, асқазан, жүйкенің жұқаруы ауруларды емдеуде таптырмайтын ем. Көз жанарын да қалпына келтіруге көмектеседі. Саңырауқұлақтың бұл түрін адам ағзасында тромбоциттер мен лейкоциттер жетіспегенде, радиотерапия мен химиятерапия салаларында кеңінен пайдалануға болады.

Тағы бір ақиқат, қазіргі уақытта бірқатар шетелдік ғалымдар қазақстандық ғылыми-зерттеу институтының басшылығына кордицепс саңырауқұлағынан адамды жасартатын дәрмек жасау технологиясын сатып алуға ұсыныс білдіруде. Алайда, халқымыздың ертеңін ойлаған зерттеуші-ғалымдар олардың мұндай ұсыныстарымен келіспей отыр. Бұл жөнінде институт басшысы Абай Сағитов:
– Құдайға шүкір, біздің ғылыми-зерттеу институтының мамандары өсімдіктерді қорғауда іргелі іс-шараларды жүзеге асыруда. Әрбір өсімдіктің адамға тигізер пайдасы мен зияны жан-жақты зерттелуде. Бұл бағытта біздің ғалым-мамандар көршілес Ресейдің, Қытайдың, АҚШ-тың, Ұлыбританияның тағы басқа да бірқатар елдердің өсімдік зерттеуші ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс жасап, ол елдерден озық технологияларды алуға қол жеткізуде. Ал олар болса, біздің кордицепс саңырауқұлағына қатты қызығушылық білдіруде. Бізге ғұмырын ұзартатын дәруменді өндірістік тәсілмен көптеп өндіруімізге Үкімет тарапынан қаржылай көмек қажет. Ғалымдарымыздың басқа да өсімдіктерден адам ағзасы үшін өте пайдалы дәрумендер жасауға толық мүмкіндігі бар. Тек барлық мәселе қаржыға тіреледі. Үкімет басшысын мекемемізге шақырып, қол жеткен жетістігіміз бен ғылыми жаңалықтарымызды көрсетсек дейміз. Ең бастысы – ел Үкіметінің бізге пейілі ауса болғаны, – деп ой-тілегін жеткізді.

Мәлімет көзі: aikyn.kz/

«« | »»
Соңғы жаңалықтар